Otpan News Logo

Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті

Маңғыстауда Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ақтау қаласындағы «Мемлекеттік рәсімдер алаңында» «Рәміздер рухы – Конституция күші» атты салтанатты шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Іс-шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, әскери қызметшілер, жастар ұйымдарының мүшелері, еріктілер мен қала тұрғындары қатысты.


Салтанатты рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтерумен басталып, Мемлекеттік Әнұран орындалды. Шара барысында мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігі мен бірлігінің символы екені айтылды.


Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың құттықтауын жеткізіп, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.


“Мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің айғағы, халқымыздың рухы мен бірлігінің көрінісі. Көк Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз әр қазақстандықтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін қалыптастырады. Конституция – еліміздің басты заңы ретінде осы құндылықтардың құқықтық негізін бекітіп, азаматтардың ортақ жауапкершілігін айқындайды. Сол себепті Ата заңда бекітілген қағидаттарды құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. Ал ұлттық құндылықтарымызды ардақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – біздің азаматтық борышымыз”, – деді Аббат Өрісбаев.


Мерекелік бағдарлама аясында патриоттық әндер шырқалып, шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Сонымен қатар жастар Қазақстан картасы мен оның ортасындағы күн бейнесін бейнелеген патриоттық флешмоб ұйымдастырды.


Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздердің маңызын кеңінен насихаттау, жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру және Конституцияда бекітілген құндылықтарды дәріптеу.

67
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!