Ресей мен Батыс Қазақстан ғалымдары өңірде палеонтологиялық зерттеу бастады
Ә. Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде отандық және халықаралық палеонтолог ғалымдардың қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Санкт-Петербург қаласынан және М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінен келген меймандар аймақтың көне табиғи тарихын зерттеу мақсатында бас қосты, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметіне сай, ауқымды ғылыми-зерттеу экспедициясы Орал өңірінен бастау алып, енді Маңғыстау мен Үстірт аумағын қамтып отыр. Жобаның басты мақсаты – өңірдің ежелгі палеонтологиялық мұрасын зерделеп, ғылыми айналымға жаңа деректер қосу.
Сапар барысында ғалымдар музей экспозицияларымен мұқият танысып, табиғат және палеонтология бағытындағы сирек жәдігерлерді зерттеді.
Мамандар музей қорында сақталған ежелгі су жыландарының тасқа айналған қалдықтары мен тасбақаның саусақ сүйектеріне (фалангаларына) ғылыми сипаттама берді. Сонымен қатар бұл жәдігерлердің уақыт тезіне төтеп беріп, сақталу жағдайын жақсарту бойынша өздерінің кәсіби ұсыныстарын білдірді.
Сапар аясында зерттеушілер музей директорының қабылдауында болып, болашақта бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу мен халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу соңында ғалымдар өздерінің авторлық ғылыми еңбектері мен сирек басылымдарын музей қорына тарту етті.
Музей әкімшілігінің хабарлауынша, мұндай бірлескен жобалар аймақтың ғылыми-зерттеу бағытына жаңа серпін беріп, ежелгі Тетис мұхитының табаны болған Маңғыстаудың бай палеонтологиялық тарихын жан-жақты ашуға үлкен мүмкіндік береді.