Маңғыстауда 11 жастағы баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы Атамекен ауылында 11 жастағы бала өз үйінің ауласында ойнап жүріп, қайтыс болды. Қайғылы оқиға 1 маусым күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.
Марқұм Айдос Абылайұлының туыстарының айтуынша, бала сол күні өз үйінің ауласында ойнап, спорттық жаттығулар жасап жүрген. Кешкі сағат 19:00-20:00 шамасында сыртқа шыққан отбасы мүшелері оны жерде қозғалыссыз жатқан күйінде көрген.
Жақындарының болжамынша, жасөспірім ауладағы темір керме мен қоссырықта жаттығу жасап жүріп биіктіктен құлап кеткен болуы мүмкін. Туыстары құлау салдарынан омыртқа мен жұлын жарақатын алған болуы ықтимал екенін айтады.
Оқиғаға байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастады.
Аулада қолдан жасалған әткеншекте ойнап жүріп жазатайым оқиға салдарынан өмірге қауіпті жарақат алған. Аталған факті бойынша адам өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, – деді Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибатуллаева.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жалғасып жатыр.