Қазақстанда тәуелсіздік тарихында алғаш рет ауқымды әкімшілік рақымшылық жарияланбақ
Мәжіліс «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың ерекшелігі – ел тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың да енгізілуі, деп хабарлайды otpannews.kz.
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық рақымшылық заң күшіне енгенге дейін қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған азаматтарға қолданылмақ. Егер келтірілген залал толық өтелген немесе мүлде болмаған жағдайда, олардың қылмыстық істері тоқтатылады.
Сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар және залал келтірмеген немесе келтірілген шығынды толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандар жазадан босатылады. Ал орташа ауырлықтағы, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға қолданылмайтынын мәлімдеді. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы әрекеттер, азаптау фактілері, сондай-ақ қайталанған және қоғамға жоғары қауіп төндіретін қылмыстар бар. Бұдан бөлек, жақында қылмыстық жауапкершілік енгізілген әрекеттер мен сырттай сотталған азаматтар да рақымшылыққа ілікпейді.
Жоспарланған рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған адамды қамтиды. Оның ішінде 5 мыңға жуық адам бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатса, 10 мыңнан астамы пробация қызметінің есебінде тұр. Айта кетейік, 2025 жылғы рақымшылық нәтижесінде 2 мыңнан астам адам босатылған. Олардың сегізі кейін қайта қылмыс жасап, жауапкершілікке тартылған.
Ал әкімшілік рақымшылық 500 мыңнан астам қазақстандыққа қатысты болмақ. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ішкі істер органдары желісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 58 бабы қамтылған. Төленбеген айыппұлдарды есептен шығару негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты болады. Дегенмен заңсыз есірткі және қару айналымына байланысты құқық бұзушылықтар, сот шешімдері бойынша өндірілетін айыппұлдар, сондай-ақ қайталанған және өрескел құқық бұзушылықтар рақымшылыққа кірмейді.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бұл шара кәсіпкерлік субъектілеріне де әсер ететінін айтты.
– Осы акция аясында шамамен 2 370 кәсіпкерлік субъектісі қамтылуы мүмкін бірқатар бап қарастырылып отыр, – деді ол.
Сонымен қатар вице-министр мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар мен салық салудағы объектілерді қасақана жасыру фактілері рақымшылыққа жатпайтынын атап өтті.