Маңғыстауда балаларды қорғау күніне орай жол қауіпсіздігін насихаттау шарасы өтті
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Маңғыстау облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері ауқымды мерекелік шара ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, олардың көшедегі қауіпсіздігін насихаттауды басты назарға алды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың жол қозғалысы ережелері туралы білімдерін тереңдету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жас өскіндердің бойында жоғары қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды.
Мерекелік кездесу барысында полиция қызметкерлері балалармен еркін форматта сұхбаттасып, жолда өзін-өзі қалай дұрыс ұстау керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар кішкентай жаяу жүргіншілердің білімін шыңдау мақсатында арнайы ойындар ұйымдастырылды. Балаларға жол белгілерінің атқаратын рөлі, бағдаршамның әр түсінің мағынасы және жаяу жүргіншілер өткелінен өтудің негізгі ережелері туралы сұрақтар қойылды. Кішкентай қатысушылар бұл сұрақтарға жарыса әрі белсенді түрде жауап беріп, өздерінің зеректігін дәлелдеді.
Шара соңында барлық бүлдіршінге арнайы сыйлықтар табыс етілді. Тәртіп сақшылары балаларға түрлі-түсті бояғыш кітаптар, сурет салуға арналған құралдар мен мерекелік шарлар таратты. Бүлдіршіндер полиция қызметкерлерімен бірге естелік суретке түсіп, өздерінің шынайы алғыстары мен жылы лебіздерін білдірді.
«Мұндай ашық жүздесулер балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың полиция қызметіне деген сенімін нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Маңғыстау облысы полиция департаменті барлық бүлдіршіндерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтайды! Тәртіп сақшылары әрбір балаға зор денсаулық, жарқын болашақ, бақытты балалық шақ және қауіпсіз өмір тілейді. Балалар әрдайым аман, жүздері күлімдеп жүрсін! Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтайық! Балалардың қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ міндетіміз”,- дейді Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Набира Бисекенова.