4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні
4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Азат еліміздің аспанында желбіреген көк тудың, елтаңбаның әр оюы мен әнұранның әрбір нотасында үлкен тарих пен терең мағына жатыр. Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы - белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. 1992 жылы өткен ерекше байқауда оның жобасы мыңнан астам жұмыстың ішінен оқ бойы озып шықты. Тудағы көк аспан түсі - бейбітшілік пен бірліктің, алтын күн - байлық пен тыныштықтың, ал қыран бүркі - еркіндік пен асқақтықтың символын білдіреді. Оның шетіндегі ұлттық өрнек халқымыздың ежелгі мәдениетін айшықтап тұр.
Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары - танымал сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңбаның негізгі идеясы ретінде шаңырақ таңдалған. Ол біздің ортақ үйіміз бен берекелі отбасымызды бейнелейді. Ал жан-жағындағы қос қанатты тұлпарлар - уақыт пен кеңістіктің, болашаққа деген асқақ ұмтылыстың белгісі. Бүгінде елтаңбаның төменгі жағында латын графикасымен «QAZAQSTAN» деп жазылады.
Ал еліміздің Мемлекеттік Әнұранының тарихы тіпті тереңде жатыр. Оның әнін көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы жазған, ал сөзін ақын Жұмекен Нәжімеденов шығарған. Халқымыздың рухын көтерген «Менің Қазақстаным» әні 2006 жылы заман талабына сай өңделіп, ресми түрде жаңа Әнұран болып бекітілді. Ән мәтінін толықтыруға тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев та үлес қосты. Міне, осы үш рәміз - біздің егемендігіміздің ең басты тіректері. Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!