Otpan News Logo

Жыл басынан бері қоныс аудару бағдарламасы бойынша солтүстікке 40 отбасы көшті

|
16.04.2026 16:26
Жыл басынан бері қоныс аудару бағдарламасы бойынша солтүстікке 40 отбасы көшті

Ақтауда еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аудару мәселелері бойынша жәрмеңке өтіп жатыр. Маңғыстау тұрғындарына көшу мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары мен жаңа жердегі өмір сүру жағдайлары жан-жақты түсіндірілуде. Мұндай кездесулер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен бірге, бағдарламаға қызығушылық жыл сайын артып отыр. Кездесуге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, сондай-ақ ҚР премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.


2016 жылдан бері өңірден Абай, Ұлытау, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына 317 отбасы қоныс аударған. Тек өткен жылдың өзінде 37 отбасы, яғни 173 адам көшкен. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында-ақ 40 отбасы (197 адам) қоныс аударды. Бұған тек қолдау шаралары ғана емес, сонымен қатар түсіндіру жұмыстарының күшеюі де әсер еткені айтылды. Мамандар солтүстік өңірлерге барып, қоныс аударғандармен кездесіп, олардың тұрмыс жағдайын зерттейді. Нәтижесінде тәсілдер жетілдіріліп, нақты тәжірибелермен бөліседі.


Көшуге шешім қабылдаған азаматтарға әлеуметтік төлемдер, тұрғын үймен және жұмыспен қамту бойынша көмек қарастырылған. Дегенмен мамандар бағдарламаға ресми түрде қатысудың маңызын атап өтеді. Ол үшін әр қала мен ауданда жұмыс істейтін мансап орталықтарына жүгіну қажет. Тіпті отбасы өз бетінше көшіп барған жағдайда да, жергілікті мамандарға хабарласып, құжаттарын рәсімдеу арқылы қолдау ала алады.


«Біз бұл жәрмеңкеге көшу мүмкіндігін қарастырып жүрген барлық тұрғындарды шақырдық. Қазіргі уақытта аудан және қала мамандары осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, белсенді ақпараттық жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы үш айында 40 отбасы қоныс аударды. Тағы 31 отбасы көшуге ниет білдіріп, дайындық кезеңінде тұр, - деді Маңғыстау облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Ұлбазар Орынбаева.


Қоныс аударып үлгергендердің қатарында Шаттыгүл Әбішева да бар. Ол желтоқсан айында Шетпе ауылынан Солтүстік Қазақстан облысына көшкен. Оның айтуынша, бұл шешім саналы түрде қабылданған және күткен нәтижесін берген. Қазір ол басқа азаматтарға таңдау жасауға көмектесіп, өз тәжірибесімен бөлісіп, көшуге ниеттенгендерді жеке өзі қарсы алады. Оның сөзінше, дәл осындай нақты мысалдар адамдарға күмәнді жеңіп, батыл шешім қабылдауға ықпал етеді.


«Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп, барлығын жан-жақты түсіндіруге тырысамыз, өйткені адамдар үшін бұрын көшіп барғандардың пікірін есту маңызды. Біз оларды шақырып, қарсы алып, тұрмыс жағдайын көрсетіп, бағыт-бағдар береміз. Бізге түрлі өңірлерден, тіпті Шымкенттен де келіп жатады. Барлығын қабылдаймыз, себебі біз - бір халықпыз. Бүгінде мемлекет барлық қажетті қолдау шараларын ұсынып отыр. Ең бастысы - соны тиімді пайдалану», - деді Шаттыгүл Әбішева.



13
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!