Мамандығын қызы үшін алмастырып, тьютор болды: Өңірде инклюзия мамандары тапшы
Ақтау қаласындағы №7 мектеп-лицейінің бірінші сыныбына Райананы анасы мүгедектер арбасымен алып келді. Қыз балаға ДЦП диагнозы қойылған, көру қабілетінде де ақау бар. Лицейде түрлі диагнозы бар балаларды оқыту үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Олардың дамуын педагог-ассистенттер (тьюторлар) сүйемелдейді. Бұл бос жұмыс орны әрқашан ашық болғанымен, мұндай жұмысқа ниет білдірушілерді табу өте қиын. Оқытудың инклюзивті моделі мен балаларды оңалту туралы otpannews.kz тілшісіне мектеп-лицейдің психологиялық қызмет үйлестірушісі Эльвира Удемамедова айтып берді.
Маманның айтуынша, тьюторларды іздеу процедурасы заң бойынша бос жұмыс орнын психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) алдын ала емес, тек бала мектеп табалдырығын аттағанда ғана ашатындығымен күрделенеді. Әрине, бұл лауазымға кезекте тұрғандар жоқ. Іздеу жұмыстары қанша уақытқа созылатыны белгісіз, ал бұл бала үшін – жіберіп алған мүмкіндікпен тең.
«Райана Көпенованың жағдайында да шамамен осылай болған. Редагог-ассистентті тез арада табу мүмкін болмады. Сол кезде оның анасы қиын шешім қабылдады – экономист мамандығы бойынша жақсы жұмысын тастап, оқу курсынан өтті де, өз баласының педагог-ассистенті болды. Олардың жолы осылай басталды», – дейді психологиялық қызмет үйлестірушісі.
ДЦП диагнозы тьюторға үлкен қосымша жүктеме жүктейді: баланы үнемі серуендету және дәретханаға апару, гипертонусты басу үшін жаттығулар жасату, баланың дұрыс отыруын қадағалау қажет. Бұл сонымен қатар оңалту процедураларының үлкен кешені. Мәселен, емдік дене шынықтыру (ЕШ), массаж, жүзу, тренажерларда жаттығу және т.б. Бұлардың басым бөлігі – ақылы қызметтер.
Эльвира Удемамедованың сөзінше, сәтті жасалған отадан кейін Райананың арнайы төрт аяқты таяқтың көмегімен өз бетінше жүре алуы үлкен жетістік болып отыр. Уақыт өте келе қыздың қабілеттері ашыла бастаған. Мұғалімдер оның кітап оқуға деген құштарлығы мен өз бетінше білім алу қабілетін бірден байқаған. Оның оқу үлгерімі жақсы, сонымен қатар ағылшын тілін меңгерген және балалар газеттеріне мақалалар жазады. Ол өзінің көркем әдеби тілімен, шешендігімен және ойын анық жеткізе білуімен ерекшеленеді.
– Бұл мысал бүкіл мектеп-лицей үшін өте маңызды. Бұрынғы жағдай мен қазіргі жетістіктің арасы жер мен көктей. Әрине, мұндай нәтижелерге тек жанқиярлыққа жақын үлкен еңбектің арқасында ғана қол жеткізуге болады. Бірақ, өкінішке қарай, біздің салада кадрлар жетіспейді. Бұл – шешілуі тиіс мәселе. Біз адамдарды, әсіресе, жастарды педагог-ассистент болып жұмыс істеуге ынталандыру үшін өз тәжірибемізді насихаттауға, оның оң әсерін көрсетуге тырысамыз. Меніңше, бұл оқиға біреудің инклюзия пайдасына таңдау жасауына жақсы үлгі бола алады, – дейді маман.
Райана сонымен қатар бұлшықет спастикасын төмендету бойынша хирургиялық ота жасатып, жақында велосипед тебуді үйренді. Педагогтар бұл жағдайды ананың баласына деген терең сенімінің, олардың ортақ мақсатқа ұмтылысы мен тынымсыз еңбегінің арқасында мүмкін болған ғажайып деп атайды.