Otpan News Logo

Маңғыстауда өрт қауіпсіздігін сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

|
10.04.2026 18:15
Маңғыстауда өрт қауіпсіздігін сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

Маңғыстау облысында өрт қауіпті кезеңге дайындық аясында өртке қарсы инфрақұрылымды дамытып, ауылдық елді мекендерде жаңа өрт сөндіру пункттерін ашу жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Арман Теңел айтты.


Спикердің айтуынша, орман қорларында өрттің алдын алу мақсатында 120 шақырым минералдандырылған жолақтар жүргізіліп, қосымша 498 шақырым жолақ жасау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, орман шаруашылығында 13 маусымдық өрт сөндіруші жұмысқа тартылған.


-Өрт қауіпті кезең басталғалы бері біз алдын алу шараларын күшейттік. Бүгінде орман және дала аумақтарында минералдандырылған жолақтар жасау, мобильді топтардың жұмысын жандандыру және ерікті өрт сөндірушілердің қатысуымен бақылау күшейтілді. Ауылдық жерлерде өрт сөндіру пункттерін көбейту арқылы жедел әрекет ету мүмкіндігі артты. Сонымен қатар, өңірдегі орман қорының жалпы аумағы 254 мың гектарды құрайды, оның 135 мың гектары орманмен жабылған. Облыс аумағындағы Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы 223 мың гектар жерді алып жатыр. Дегенмен, бұл аумақта орман алқабы жоқ, ол тұзды-таулы шөлді аймақ ретінде сипатталады. Есептік кезеңде орман және дала өрттері тіркелген жоқ, - деді Арман Теңел.


Брифинг барысында спикер есептік кезең ішінде тіркелген өрттердің негізгі себебі электр сымдары мен электр желілерін пайдалану қағидаларын бұзу болған.


-Есептік кезең ішінде облыс аумағында 68 өрт оқиғасы тіркелді. Өрттердің басым бөлігі көлік құралдары мен тұрғын үй секторында орын алған. Негізгі себеп – электр сымдары мен желілерін пайдалану талаптарының бұзылуы. Бұл жағдайлар жалпы өрттердің 69 пайызын құрайды, - деді Арман Теңел.


Департамент мәліметіне сәйкес, өрт қауіпті кезеңге байланысты орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, мамыр айында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізу жоспарланған. Бейнеу және Сам орман шаруашылықтары базасында төрт өрт сөндіру автокөлігі дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жеті өрт сөндіру пункті жұмыс істеп тұр. Биыл қосымша 15 пункт ашу жоспарланған. Бұдан бөлек, 400 ерікті өрт сөндірушіден тұратын 40 ерікті құрылым және жеті мобильді топ өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеуде.


Құтқарушылар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Атап айтқанда, табиғат аясында отты тек арнайы рұқсат етілген орындарда жағып, толық сөндіру, құрғақ шөп пен қоқысты өртеуге жол бермеу, темекі тұқылын бейберекет тастамау, электр құралдарын қауіпсіз пайдалану және балаларды қараусыз қалдырмау қажеттігі ескертілді.

60
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!