Otpan News Logo

«Бекіре» акциясы кезінде 7 құқықбұзушылық дерек анықталды

|
15.04.2026 16:13
«Бекіре» акциясы кезінде 7 құқықбұзушылық дерек анықталды

1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында жыл сайынғы кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы өтіп жатыр. Акция бекіре тұқымдас балықтарды сақтау және олардың уылдырық шашу көші-қонын қорғауға бағытталған. Ал Маңғыстау облысы аумағындағы Каспий теңізі акваториясы дәл осы көші-қон жолдарына жатады, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Акцияның негізгі мақсаты – балықтардың көші-қонын қамтамасыз ету, браконьерлікпен күресу және бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған. Осы бағытта табиғат қорғау полициясы, облыстық полиция департаментінің өзге де бөлімшелері, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, жылжымалы бекеттер мен мобильді топтар құрылған. Сонымен қатар, шекара қызметі мен балық инспекциясының катерлері жұмылдырылған.

Акция аясында балық инспекциясы тарапынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың алдын алу және жолын кесуге бағытталған бірнеше нәтижелі рейдтік іс-шара өткізілді.

 

Нәтижесінде әкімшілік сипаттағы 7 құқықбұзушылық, яғни балық аулау қағидаларын бұзу деректері анықталды.

 

«Мәселен, Түпқараған ауданында 5 дерек тіркелді. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 390-бабы 2-бөлігі бойынша 2, 383-бабы 1-бөлігі бойынша 3 оқиға есепке алынды. Қарақия ауданында және Ақтау қаласында ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігі бойынша бір-бірден құқықбұзушылық анықталды. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған барлық тұлғаларға 108 125 теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 97 312,5 теңгесі өндірілді. Маңғыстау облысының тұрғындарын қолданыстағы заңнаманы сақтауға және жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға шақырамыз», - деп хабарлады облыстық балық инспекциясы.

 

25
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!