Бозжыра шатқалындағы визит орталықтың құрылысы аяқталды
Маңғыстауда Бозжыра шатқалы аумағындағы туристерге арналған визит орталықтың құрылысы аяқталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бұл - туристерге бағыт-бағдар беретін алғашқы визит орталық. Жоба жетекшісі Әсет Шәмбілов нысан сәуірде пайдалануға берілетінін айтты.
- Біздің мақсатымыз - осы жерге келіп жатқан туристерді қабылдау. Қазір біздің елімізге туристер көп келіп жатыр. Осында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз, музейлер болады. Сәуір айында ашыламыз деген жоспар бар, - деді Әсет Шәмбілов «Qazaqstantv»-ға берген сұхбатында.
Визит орталық Бозжыра шатқалынан 18 шақырым қашықтықта, күре жолдың бойында орналасқан. Аумағы 200 шаршы метр. Мұнда күніне 50-60 адамға қызмет көрсетілмек.
- Өткен жылдан бастап Бозжыра шатқалында 3 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Көлемі 3 млрд-қа жуық және 60-қа жуық жұмыс орны ашылады. Бұл үлкен визит орталықтар. Сондай-ақ үлкен этнокафелер мен мейрамханалар ашу жоспарланып отыр, - деді облыстық Туризм басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Ғиният.