Маңғыстауда алдағы жеті жылда 73 инвестициялық жоба іске асады
15 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай облыстық Қоғамдық кеңес мүшелерімен есептік кездесу өткізіп, 2025 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын таныстырды және алдағы кезеңге арналған стратегиялық басымдықтарды айқындады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыс әкімінің айтуынша, 2025 жылы өңір экономикасында тұрақты оң динамика қалыптасты. Өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, көлік және сауда салаларында өсім байқалды. Сонымен қатар экономика құрылымында мұнай-газ және тау-кен секторына тәуелділік сақталып отырғаны атап өтіліп, бұл жағдай алдағы кезеңде экономиканы әртараптандыруды басты басымдық ретінде айқындауға негіз болды.
«Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, өңірлердің басты міндеті – тұрақты экономикалық өсім мен халықтың өмір сапасын нақты арттыру. Маңғыстау облысы қол жеткізілген қарқынды сақтап қана қоймай, шикізатқа тәуелділіктен жүйелі түрде арылуға тиіс. Біздің міндет – жаңа өсім нүктелерін қалыптастыру, жұмыс орындарын ашу және заманауи инфрақұрылым құру. Әрбір жоба нақты нәтиже беріп, өңір тұрғындарының әл-ауқатына тікелей әсер етуі қажет», – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Көлік-логистикалық әлеуетті дамытуға, сауданы кеңейтуге және шағын және орта бизнесті қолдауға ерекше назар аударылмақ. 2026-2032 жылдар аралығында 73 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 11 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған бастамалар Маңғыстауды маңызды халықаралық көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыруға бағытталған.
Әлеуметтік және инфрақұрылымдық жаңғырту да басым бағыттардың қатарында. Өңірде ауызсу тапшылығын жою, энергетикалық жүйені жаңғырту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту жобалары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге туризм, балық шаруашылығы, түйе шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі бағыттарында жаңа экономикалық кластерлер қалыптастыру жоспарланған. Бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін береді.
Отырыс барысында Маңғыстау облыстық мәслихатының 2025 жылғы жұмысының қорытындылары да қаралды. 32 депутаттың қатысуымен 6 сессия өткізіліп, 99 шешім қабылданды. Облыс бюджеті кезең-кезеңімен нақтыланып отырды, қоғамдық көлік бағыттары оңтайландырылып, әлеуметтік маңызы бар жаңа бағыттар іске қосылды. Сондай-ақ тұрғындардың өзекті мәселелерін қамтыған 147 депутаттық сауал жолданды.
Қоғамдық кеңестің қызметіне де ерекше назар аударылды. 2025 жылы 19 отырыс өткізіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол инфрақұрылымы, денсаулық сақтау, экология және бюджет саясаты мәселелері қаралды. Кеңес қоғамдық бақылаудың маңызды тетігі ретінде халық пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты қамтамасыз етіп келеді.
Кездесу соңында Қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсынысын білдіріп, өңірдің тұрақты дамуы үшін алдағы уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.