Ақтауда Қаныгүл Жаманбаеваның ғылыми мұрасына арналған халықаралық конференция өтті
Ақтауда көрнекті лингвист ғалым, қазақ когнитивті лингвистикасының негізін салушылардың бірі Қаныгүл Жаманбаеваның ғылыми мұрасына арналған «Қаныгүл Жаманбаева мұрасы: тіл, таным және ұлттық тәрбиенің когнитивтік негіздері» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды деп хабарлайды otpannews.kz.
Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, Yessenov университетінде ұйымдастырылған ғылыми жиынға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, шетелдік зерттеушілер, қоғам өкілдері, ғалымның ағайын-туыстары, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Конференцияда Қаныгүл Жаманбаева атындағы арнаулы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ашылу рәсімінде ғалымның замандастары мен туған бауырлары сөз сөйлеп, Қаныгүл Жаманбаеваның тұлғалық болмысы, ғылымдағы табандылығы мен адамгершілік қасиеттері туралы естеліктерін бөлісті. Олар ғалымның ғылымға адалдығын, шәкірт тәрбиелеудегі жауапкершілігін және қазақ тіл білімінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
Пленарлық отырысты филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Нұрдәулетова жүргізді. Жиында филология ғылымдарының докторы, профессор, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Жамал Манкеева «Таным әлемінің тылсымына енген ғалым» тақырыбында баяндама жасап, Қаныгүл Жаманбаеваның ғылыми мұрасының маңызына жан-жақты тоқталды.
Конференция барысында ғалымның «Үш қиян» баспасынан жарық көрген жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар пленарлық отырыста және секциялық жұмыстарда бірқатар жетекші ғалымдар мазмұнды баяндама жасады.
Атап айтқанда, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология ғылымдарының докторы, профессор Қалбике Есенова «Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі эмоция мен символдың метамәтіндік сипаты (Қ. Жаманбаеваның концепциясы негізінде)» тақырыбында баяндама жасады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Орынай Жұбай «Қ. Жаманбаева еңбегіндегі когнитивтік модель (тілдік сана, эмоция, символ)» тақырыбында ғылыми ой-пікірлерімен бөлісті.
Сондай-ақ, филология ғылымдарының докторы, профессор, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты бас директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары Құралай Кудеринова «Қаныгүл Жаманбаева: шығармашыл тұлға тәрбиелеу әдістері» тақырыбында баяндама жасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Нұрдәулетова «Қ. Жаманбаеваның когнитивті лингвистикадағы тың көзқарастары» тақырыбын тарқатты.
Бұдан бөлек, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Лаура Дәуренбекова «Қ. Жаманбаеваның тіл қолданысы қағидалары негізінде мысал жанры аудармаларын талдау» тақырыбында баяндама жасады. PhD доктор Бекзада Сағын «Қ. Жаманбаева: “дара тұлға” тұжырымдамасы» тақырыбында баяндама ұсынса, PhD доктор, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Ақмарал Бисенғали «Қ. Жаманбаева еңбегіндегі когнитивтік терминдердің тезаурустық жүйесі» тақырыбын талқылады.
Конференцияда филология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Орынай Жұбай ғалыммен бірге өткізген ғылыми жиындардағы естеліктерімен бөлісті. Ол өз сөзінде кейінгі буынға Қаныгүл Жаманбаеваның ғылыми мұрасын дұрыс жеткізу - ортақ міндет екенін атап өтті.
- Қаныгүл Жаманбаева - өзінің жеке ғылыми концепциясын қалыптастырған тұлға. Ол қазақ тіл білімінде, әсіресе когнитивтік лингвистика саласында тың бағыт әкелді. Қазақтың ойлау жүйесін, дүниетанымын терең талдап, Абай поэзиясын да осы тұрғыдан зерделеді. Оның еңбектерінің барлығы өзара тығыз байланыста, бір жүйеге құрылған. Қаныгүл апай кез келген ғылыми мәселені терең зерттеп, жүйелеп барып ұсынатын. Сондықтан оның әрбір еңбегі - құнды. Ол артына өлмейтін сөз қалдырып кетті, - деді Орынай Жұбай.