Маңғыстауда «Бармысың, баба жұрт!» экспедициясының нәтижелері таныстырылды
Маңғыстауда жүргізілген «Бармысың, баба жұрт!» ғылыми-зерттеу экспедициясы нәтижесінде бұрын белгісіз болған тарихи топонимдер анықталып, өңірдің көне мәдени қабаттарына қатысты тың ғылыми тұжырымдар ұсынылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Нұрдаулетова айтты.
Спикердің айтуынша, экспедициялар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «Маңғыстау топономастикалық ареалы: тарихи топонимия, топобейнелер және оларды интерпретациялау» ғылыми жобасы (ғылыми жетекшісі - Б.И.Нұрдәулетова) аясында ұйымдастырылған.
- 2022-2026 жылдар аралығында бес далалық ғылыми-зерттеу экспедициясы жүргізілді. Экспедиция барысында Маңғыстау топономастикалық кеңістігіндегі тарихи атауларға картографиялық, тарихи-этнографиялық және лингвистикалық талдау жасалып, бұрын белгісіз болып келген бірқатар топонимдер картаға түсірілді, - деді Бибайша Нұрдаулетова.
Оның мәліметінше, зерттеу барысында Ожабай–Тамды топономастикалық аймағында бұрын тіркелмеген таңбалы тас анықталған. Таста 11 рулық таңба мен символдық белгілер бейнеленген. Ғалымдардың қорытындысына сәйкес, бұл таңбалар оғыз тайпаларына тиесілі болуы мүмкін.
Сондай-ақ экспедицияда Темір баба киелі орнында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде «Темір баба» атауы тек бір нысанның емес, белгілі бір кеңістікті қамтитын топоономастикалық аймақтың атауы деген тың ғылыми пікір ұсынған.
Бұдан бөлек, Бозашы түбегіндегі зерттеу жұмыстары нәтижесінде өңірдің көне керуен сауда жолдары бойында орналасқаны дәлелденіп, ортағасырлық Қабақты қаласының болжалды орны анықталған. Алдағы уақытта бұл аумақта кешенді археологиялық зерттеу жүргізу қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар, жоба нәтижелері бойынша монография, фотоальбом және Маңғыстау топонимдерінің кезеңдік сипаттамасын қамтитын инфокарта әзірленген. Жалпы алғанда, 100-ге жуық топонимдік атау зерттеліп, фото және видеофиксациялар жасалған.
Брифинг барысында Yessenov университетінің «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бибатпа Көшімова қазіргі таңда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан нысаналы бағдарламалық жоба туралы айтты.
- 2024 жылдан бастап «Қытай және өзге де шығыс елдері дереккөздеріндегі көне түркі топонимдері - қазіргі түркі интеграциясының түп негіздерінің бірі» атты бағдарламалық-нысаналы жоба жүзеге асырылуда. Жобаның ғылыми жетекшісі – профессор Б.И.Нұрдәулетова. Жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады, - деді Бибатпа Көшімова.
Спикердің айтуынша, жобаға Қазақстанның жетекші ғылыми ұйымдарының 30-ға жуық ғалымдары тартылған. Сонымен қатар Түркия, Қытай және өзге де елдердің ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық орнатылған.
Зерттеу барысында араб, парсы, шағатай және қытай тілдеріндегі дереккөздер зерделеніп, 1000-ға жуық тарихи материал ғылыми айналымға енгізілген. Соның нәтижесінде бұрын толық зерттелмеген көне түркі топонимдері анықталып, олардың тарихи-этимологиялық негіздері нақтыланған.
Сондай-ақ шығыс дереккөздерінде кездесетін бірқатар көне топонимдердің қазіргі Қазақстан аумағындағы атаулармен сәйкестігі дәлелденген. Бұл түркі халықтарының тарихи сабақтастығын ғылыми тұрғыда негіздеуге мүмкіндік берген.
Зерттеу нәтижелері бір монография, бір сөздік және карталар каталогы түрінде ғылыми ортаға ұсынылды.
Сонымен қатар брифингте тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев экспедиция нәтижелері негізінде жарық көрген ғылыми еңбектерге тоқталды.
Оның мәліметінше, зерттеу нәтижелері бірнеше кітап пен картографиялық жинақ түрінде жүйеленген.
- Экспедиция нәтижелері негізінде Маңғыстау топономастикасына арналған арнайы кітап дайындалды. Бұл еңбекте өңір бойынша жинақталған тарихи деректер мен топонимдік мәліметтер карталарымен бірге берілген. Сондай-ақ Маңғыстаудың рухани және материалдық мәдениетіне арналған, соңғы он жылдағы далалық экспедициялардың фото-шежіресі қамтылған жеке еңбек жарық көрді, - деді Жамбыл Артықбаев.
Ғалымның айтуынша, экспедициялар барысында жиналған материалдар негізінде «Маңғыстау: тарих, сакралды ескерткіштер, топонимдер» атты ғылыми еңбек те жарияланған.