Маңғыстауда жаңбырдан кейінгі су басу қаупін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр
Маңғыстау облысының аудандарында жауын-шашыннан кейінгі су басу салдарын жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтқанда, Маңғыстау ауданының Шетпе кентінде қолайсыз ауа райының салдарын жою үшін арнайы техника мен сала мамандары жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта су басу қаупі бар аймақтарда суды сору, жол бойындағы су өткізу жүйелерін тазалау, сондай-ақ су жиналуы мүмкін учаскелерді ретке келтіру жұмыстары атқарылып жатыр.
Қарақия ауданындағы жағдай да жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Мұнда әртүрлі ұйымдардың техникасы тартылған. Атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» АҚ-дан 1 вакуумдық техника, 1 ассенизаторлық көлік және 1 агрегат, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-дан 1 вакуумдық техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, Жетібай ауылындағы өрт сөндіру бөлімінен 1 жол талғамайтын көлік, 5 қызметкер және 2 мотопомпа тартылған. «Тұрмыс-сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны да мотопомпалар арқылы су сору жұмыстарын жүргізілуде.
Оқиға орнында аудан әкімі, оның орынбасарлары, әкімдік аппаратының басшысы және ауыл әкімі бар. Олар жағдайды тікелей бақылауда ұстап отыр. Тиісті қызметтермен бірлесе отырып, жедел шешімдер қабылданып, жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шаралар іске асырылып жатыр.