Otpan News Logo

Маңғыстауда еңбек қатынастарын реттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

|
14.04.2026 09:36
Маңғыстауда еңбек қатынастарын реттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде

Маңғыстауда еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті тарапынан мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Кемалов айтты.


Спикердің айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасын сақтау мәселесі бойынша 111 тексеру жұмысын жүргізді. Тексеру нәтижесінде департамент тарапынан анықталған заңбұзушылықтарды жою және олардың алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.


Брифинг барысында спикер еңбек қатынастарын дұрыс рәсімдеу және заңбұзушылықтардың алдын алу үшін сақталуы тиіс негізгі талаптарға тоқталды. Сондай-ақ, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы шартта лауазым, жалақы, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібінің нақты көрсетілуі құқықтық даулардың алдын алатынын атап өтті.


-Жұмыс беруші мен қызметкер еңбек шартын жасағанда негізгі талаптарды нақты көрсетуі тиіс. Атап айтқанда, қызметкердің лауазымы, атқаратын жұмысы, жалақысы, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібі, сондай-ақ шарттың мерзімі анық жазылуы керек. Бұл тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындап, даулардың алдын алады. Сонымен қатар, жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етіп, қызметкерлерге нұсқама жүргізуге міндетті. Ал қызметкер қауіпсіздік талаптарын сақтап, қорғаныш құралдарын қолдануы тиіс. Әсіресе қауіпті жұмыстарда бұл талаптарды сақтау өте маңызды, - деді Бауыржан Кемалов.


Сондай-ақ, спикер алдағы уақытта халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында арнайы акциялар өткізілетінін атап өтті.


-Алдағы уақытта жұмыс берушілерді қызметкерлермен ресми еңбек шарттарын жасауға шақыратын «Еңбек шартын жасақтаңыздар» және өндірістегі қауіпсіздік талаптарын түсіндіруге бағытталған «Еңбек қауіпсіздігін сақтаңыздар» акциялары ұйымдастырылады. Бұл шаралар аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кеңестер беріліп, ақпараттық материалдар әлеуметтік желілерде жарияланып, таратылатын болады, - деді Бауыржан Кемалов.


Сонымен қатар, облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті тарапынан бүгінгі таңда еңбек қатынастарын ашық әрі тиімді реттеу мақсатында цифрландыру бағытында да жүйелі шаралар қолға алынған. HR-Enbek порталы арқылы еңбек шарттарын электрондық тіркеу процесі көлеңкелі еңбек қатынастарының алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, өндірістегі жазатайым оқиғаларды есепке алу және тәуекелдерді бағалау процестері де цифрлық форматқа көшірілді. Қазіргі уақытта өңірдегі ірі және орта кәсіпорындар мен мекемелердің 75%-ға жуығы осы жүйеге толық тіркеліп, цифрландыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

122
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!