Otpan News Logo

Мемлекеттік басқару тәжірибесі: Астанада «Кекілбаев тұлғасы» кітабының тұсаукесері өтті

|
16.04.2026 10:15
Мемлекеттік басқару тәжірибесі: Астанада «Кекілбаев тұлғасы» кітабының тұсаукесері өтті
Фото: Бақтыбай Жайлау

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік тұлғасын, саяси тәжірибесін жүйелі түрде зерделеу мақсатында «Кекілбаев тұлғасы» атты кітап жарық көрді, деп хабарлайды otpannews.kz


Жаңа кітаптың таныстырылымы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп, тұсаукесерге қатысушы зиялы қауым бұл еңбектің мазмұнын мемлекеттік қызметкерлерді даярлау ісінде ерекше өзекті деп бағаланып отыр. 


«Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік тәжірибесі мен басқару мәдениетін оқу процесіне енгізу жұмыстары басталды. Бұл үрдіс уақыт талабымен үндес. Өйткені қазіргі мемлекеттік қызмет тек әкімшілік дағдылармен шектелмей, терең тарихи танымды, ұлттық жауапкершілікті және саяси парасатты қажет етеді. Бұл қасиеттердің барлығы Әбіш Кекілбайұлының тау тұлғасына табиғатынан тән болды. Кітапта Ә.Кекілбайұлының Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңіндегі мемлекеттік басқару тәжірибесі, саяси мәдениет пен мемлекетшіл үлгісі кешенді түрде қамтылған. Ресми құжаттар, баяндамалар, естеліктер мен тарихи деректер негізінде Абыз Әбіштің Парламенттегі қызметі, Мемлекеттік хатшы ретіндегі стратегиялық миссиясы, елдік мүдде мен қоғамдық келісімге қатысты ұстанымдары сараланып ұсынылды. Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік болмысын бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесімен сабақтастыра отырып, оның тәжірибесін нақты қолданбалы деңгейге шығару», - деді Yessenov University оқытушысы Бақтыбай Жайлау. 


Тұсаукесер рәсіміне арнайы қатысқан Бақтыбай Жайлау кітаптың мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мырзаның қолдауымен бұл жұмысты Абай Сейфуллаұлы мен Ұлан Айхожаев үйлестірген.  


«Кітапта басымдық берілген құндылықтар – жауапкершілік, ұлттық мүддеге адалдық, дерекке сүйеніп шешім қабылдау, популизмнен биік тұратын саяси мәдениет, мәмілегерлік пен парасат – бүгінгі мемлекеттік аппарат үшін нақты тәжірибелік модель бола алады. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы Әбіш Кекілбайұлының рөлі ерекше назар аударуды қажет етеді. Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Парламент депутаты, Мемлекеттік хатшы ретінде атқарған қызметтері елдегі саяси жүйенің орнығуына тікелей ықпал етті. Бұл – қазіргі басқару жүйесі үшін сабақ болатын тәжірибе», - деді Бақтыбай Жайлау. 


Маңғыстаулық Бақтыбай Жайлау авторлар құрамында жұмыс істеп, Әбіш Кекілбайұлының мемлекетшіл ойлау үлгісіне ерекше мән бергенін атады. 


«Оның әрбір шешімі мен көзқарасының түбінде ұлттық мүдде, тарихи жауапкершілік және қоғамдағы тұрақтылыққа деген ұмтылыс жатыр. Сондықтан бұл кітапты мемлекеттік қызмет этикасы мен саяси мәдениеттің оқу құралы ретінде қарастыруға әбден болады. Осы арқылы біз жас буынға мемлекетке қызмет етудің нақты стандартын ұсынамыз, ал тәжірибелі кадрлар үшін кәсіби рефлексия алаңын қалыптастырамыз. Қазірдің өзінде ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мақұлдауымен Yessenov University базасындағы Үздіксіз білім беру институтында мектеп мұғалімдеріне «Әбіштану» бағыты бойынша біліктілікті арттыру курсымыз іске қосылды. Бағдарламалық-әдістемелік контентіміз бар. Ал енді бүгін қолға тиген еңбекті мемлекеттік қызметкерлердің, кадр резервіндегі тұлғалардың және сайланбалы органдарға кандидаттардың кәсіби біліктілігін арттыру жүйесіне енгізу жоспарланды”, - деді ол.

53
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!