Otpan News Logo

Гүлмира Мамаева: «Әлеуметтік көмек - ақша беру емес, отбасын қиындықтан шығару»

Гүлмира Мамаева: «Әлеуметтік көмек - ақша беру емес, отбасын қиындықтан шығару»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмектің формалды болмауы керегін, оның нақты нәтижеге бағытталуы қажеттігін бірнеше рет қадап айтты. Бүгінде Маңғыстау облысында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Цифрландыру көмектің әділдігін қалай қамтамасыз етеді? Otpannews.kz сайтының тілшісі осы және өзге де ақпаратты Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаевадан сұрап көрді.


- Мемлекет басшысының формалды емес көмек туралы талабы іс жүзінде қалай жүзеге асып жатыр? Механизм қалай өзгерді?

 

- Бұл талап - бүгінгі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты. Бұрын біз тек табыс деңгейіне қарап, формалды көрсеткіштермен шектелетінбіз. Қазір барлығына бірдей емес, әр отбасының нақты өмірлік жағдайына үңілеміз. Ең басты мақсат - жай ғана ақша беру емес, азаматтарды қиын жағдайдан алып шығу. Яғни, көмек көрсету механизмі толықтай цифрландыру мен атаулылыққа негізделген.


- Бұл жерде цифрлық технологиялардың рөлі қандай? Көмектің нақты мұқтаж жанға жеткенін қалай білесіздер?


- Қазір мемлекеттік органдардың деректер базасы біріктірілген. Азаматтың табысы, мүлкі, жұмыспен қамтылуы автоматты түрде тексеріледі. Платформалар мен қосымшалар арқылы бизнес-процестер оңтайландырылды. Бұл үдерістің ашықтығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттырды. Яғни, мемлекет азаматтың өтінішін күтпей-ақ, база арқылы мұқтаждықты анықтап, көмекті өзі ұсынады.


- Әлеуметтік төлемдерді біріздендіру бойынша қандай өзгерістер бар? Төлем түрлері азайып кеткен жоқ па?


- Жоқ, әлеуметтік төлемдердің тізімі бұрынғы қалпында сақталды. Тек 2023 жылғы Үкімет қаулысына сәйкес, мерекелік және атаулы күндерге берілетін төлемдер бір жүйеге келтірілді. Енді олар жылына бір рет берілетін болғандықтан, ақпараттық жүйеде «бірреттік төлем» ретінде сақталады. Мұндағы басты принцип - әлеуметтік әділдік. Тек табыс емес, отбасының нақты тұрмыс шығындары мен өмір сүру деңгейі де ескеріледі.


- Көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларды жұмысқа орналастыру мәселесі қалай шешілуде?


- Қазіргі таңда облыс бойынша жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары іске асып келеді. Атап айтқанда: әлеуметтік жұмыс орындары, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, «Күміс жас» жобасы, қысқа мерзімді оқыту курстары, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар.

• «Жастар практикасы»: Түлектер үшін 30 АЕК көлемінде жалақымен 12 айлық жұмыс.

• Әлеуметтік жұмыс орны: Жұмысқа қойылатын талаптарды жұмыс беруші айқындайды. Мемлекет жалақының 35%-ын төлейді.

• «Күміс жас»: 50 жастан асқандар үшін 36 айға дейінгі жұмыс орны, мұнда мемлекет жалақының 60-70%-ын субсидиялайды.

• Қысқа мерзімді оқыту: Жұмыс берушінің сұранысымен 6 айға дейін оқыту, шәкіртақы (2 АЕК) төлеу және кейін жұмысқа орналастыру.

• Қайтарымсыз гранттар: Жаңа бизнес-идеялар үшін 400 АЕК (шамамен 1,5 млн теңгеге жуық) көлемінде грант беріледі. Бұл мүмкіндікті көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар мен АСП алушылар пайдалана алады.

• Қоғамдық жұмыстар: Жалақы 24 АЕК-тен кем емес 12 айлық жұмыс.


- Азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, мемлекет тарапынан көмектің бірден берілу форматы қаншалықты тиімді болып отыр?


- Қазір мемлекет «проактивті қызмет көрсету» форматына қарқынды көшіп жатыр. Бұл - өте тиімді тәсіл. Мемлекет азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, деректер арқылы мұқтаждарды анықтап, көмекті өзі ұсынады. Кейбір көмек мемлекеттік органдардың базаларында сақталған мәліметтерді алдын-ала тексеруден өткізіп, ақпараттарды жүйелеп, тізімдер бойынша жіберіліп отырады. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтар: көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және табысы төмен отбасылар үшін тиімді болып отыр. Бірақ кей жағдайда дерек толық болмауы мүмкін. Сондықтан азаматтардың мәліметтерін автоматтандыру әлі жетілдірілуде.


- Облыста Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Осы орталықтар туралы айтсаңыз.


- 2021 жылдан бастап облыс көлемінде 7 орталық ашылды. Мұнда кейс-менеджерлер, психологтар мен заңгерлер жұмыс істейді. Олар «кейс-технология» әдісін қолданады. Яғни, әр отбасына жеке жұмыс жоспары құрылады. Бастапқы және терең бағалау жүргізу арқылы отбасының әлеуметтік әл-ауқатын қалай көтеруге болатынын анықтаймыз.


- Атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алушылар санында өзгеріс бар ма?


- Иә, жағымды динамика байқалады. 2024 жылы 2 715 отбасы көмек алса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 208 отбасыға дейін азайды. Бұл - 507 отбасының табысы артып, кедейлік шегінен шыққанын білдіреді. АСП-мен бірге 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға 1,5 АЕК көлемінде қосымша төлем де беріліп жатыр.


- Көрсетілген әлеуметтік қызметтердің сапасына халықтың көңілі тола ма? Шағымдар мен ұсыныстарды қарау жүйесі қалай жұмыс істейді?


- Ең басты нәтиже - әлеуметтік тұрақтылық. Біздің жүйе азаматтарды масылдыққа емес, өз өмірін жақсартуға бағыттайды. Бүгінде тұрғындар eGov.kz немесе 1414 арқылы кері байланыс беріп, қызмет сапасын бағалай алады. Әрбір шағым – біз үшін жұмысты жақсартуға мүмкіндік. Сайып келгенде, мақсатымыз – кедейлікті төмендетіп, Маңғыстау жұртшылығының өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеру.


- Сұқбатыңызға рақмет!

143
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!