Ақтауда ТҮКШ саласының ашықтығы сөз болды
Ақтау қаласында өткен «Үйді басқару: жауапкершілік, сенім, нәтиже» өңірлік форумында Маңғыстаудың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы (ТҮКШ) қордаланған мәселелер ашық талқыға салынды. «TURǴYNDAR AMANATY» жобасы аясында ұйымдастырылған жиынның басты мақсаты – басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету және халықтың сенімін арттыру, деп хабарлайды otpannews.kz сайты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум барысында коммуналдық төлемдердің жұмсалуы мен ортақ мүліктің күтіп ұсталуына қатысты мәселелер көтерілді. «AMANAT» партиясының бастамасымен қолға алынған жобаның негізгі бағыттарының бірі – цифрлық шешімдерді енгізу арқылы қаржылық ашықтыққа қол жеткізу.
“Басты мақсатымыз – тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз және сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Бұл бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жүйелі түрде жалғасады,"- деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Тек талап қою емес, сапалы қызмет көрсетуді жолға қою үшін форумда маңызды қадам жасалды. Партияның облыстық филиалы мен сервистік компаниялар қауымдастығы арасында меморандум жасалды. Бұл құжат пәтер иелері мен басқарушы арасындағы байланысты нығайтады, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің сапасына бақылауды күшейтіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстағы тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары цифрлармен айшықталды:
Бүгінде облыста 1 938 көпқабатты үй бар. Олардың 1 076-сы ген кондоминиум нысандары ретінде тіркелген. Ал 56 үйге 2011-2025 жылдар аралығында күрделі жөндеуден өткен.
Форум қатысушыларының айтуынша, МИБ (Мүлік иелері бірлестігі) пен ПИК жұмысының ашық болуы – «Тұрғын үй – ортақ мүлік» деген түсініктің қалыптасуына әсер етеді.