«Жетібай - Жаңаөзен - Кендірлі - Түрікменстан шекарасы» автожолын жөндеу басталды
Маңғыстауда биыл маусым айында басталған теміржол вокзалдарын кешенді реконструкциялау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Маңғыстау» вокзалында ғимараттың іргетасын құю аяқталып, тіреу қабырғаларын арматуралау жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейнеубек Әбілов айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Спикердің айтуынша, «Бейнеу» вокзалында жерасты қабатын жабын плиталарымен жабу және биіктігі 6 метр болатын бірінші қабаттың колонналарын орнатылуда.
- Ал «Шетпе» вокзалы ғимаратының іргетасын құю аяқталып, жертөле қабырғаларын монтаждау, колонналарды қалыпқа келтіру және арматуралау жұмыстары жүріп жатыр. Кешенді реконструкциялау жұмыстары еліміздің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Аталған жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен жүзеге асуда, - деді Бейнеубек Әбілов.
Сондай ақ, спикер брифингте өңірдегі жол құрылысы жобаларына тоқталды.
- «Жетібай - Жаңаөзен - Кендірлі - Түрікменстан шекарасы» автомобиль жолының 65-179 шақырым учаскесін орташа жөндеу жұмыстары биыл тамыз айында басталды. Бұдан бөлек, «Жетібай - Жаңаөзен - Кендірлі - Түрікменстан шекарасы» автомобиль жолының 179-229 шақырым учаскесін күрделі жөндеу жұмыстары да басталады, - деді ол.
Ал әуе жол қатынасы бойынша 26 қазаннан бастап «Air Astana» әуекомпаниясы Сауда Арабиясының Джидда және Медина қалаларына тікелей рейстерді іске қосты.
- 2025 жылдың 29 қарашасынан бастап «Fly Arystan» әуекомпаниясы Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына «Ақтау - Дубай» бағыты бойынша аптасына бір рет – сенбі күндері тікелей ұшатын рейстердің ашылуын жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ҚР көлік министрлігі, азаматтық авиация комитеті тарапынан Ақтау қаласына субсидияланатын «Ақтау-Көкшетау», «Ақтау-Түркістан» әуе рейстері ашылды. 2025 жылдың 23 қыркүйегінен бастап «Ақтау – Қарағанды» бағыты бойынша да әуе рейсі ашылды, - деді Бейнеубек Әбілов.