Ақтауда профориентологтарға арналған оқу семинары өтіп жатыр
Маңғыстау облысындағы қала, аудандардан профориентологтар іріктеліп, 30 маманның қатысуымен оқу семинары ұйымдастырылды. Сабақты республикадағы білікті, тәжірибелі мамандар жүргізеді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұл іс-шара облыстық жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен, PROF.Mangystau әлеуметтік жобасы аясында өтті. «4D-профориентация» тақырыбындағы семинарды осы салада 15 жылдан астам тәжірибесі бар SDU PhD докторанты Омарбек Көшкімбайұлы бастады. Қатысушыларға ҰБТ жаңалықтары, шекті балл, сұранысқа ие мамандықтар мен грантқа түсудің жолдары, оқушыны тану секілді құнды ақпараттар берілді.
«Маңғыстау облысы – еліміздің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған мұнай-газ өнеркәсібімен ерекшеленетін өңір. Алайда осы саланың басымдығы аймақ жастарының мамандық таңдауда бір бағытқа шоғырлануына әсер етуде. Соның салдарынан еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерім бұзылып, жұмыссыз жастар саны артуда. Осы мәселені шешу мақсатында PROF.Mangystau жобасын іске асырып отырмыз»,- деді Маңғыстау облысы жастар саясаты жөніндегі басқармасының жастар ортасын дамыту бөлімінің басшысы Айжан Тасымбаева.
Жобаның басты мақсаты – аймақта кәсіби профориентологтар пулын қалыптастыру, жасөспірімдерге арналған кәсіби білім беру жұйесін жетілдіру және заманауи мультимедиалық құралдар арқылы тиімді ақпараттық қолдау көрсету. Бұл бастама жастардың өз әлеуетін дұрыс бағалап, еңбек нарығына қажетті мамандықтарды таңдауға жол ашады деп күтілуде.
«Менің осы салада жүргеніме биыл – 3 жыл. Бұл мамандық біздің өңірде енді ғана дамып келеді. Десек те, ең қажетті саланың бірі – профориентация. Бұл семинарда тәжірибелі мамандардан білім алатыныма қуаныштымын. Өйткені мұндай семинарлар көбіне онлайн ұйымдастырылып, пікір алмасуға, тәжірибе жинауға мүмкіндік аз болып жатады. Ал бүгінгі семинардан алатын біліміміз өңір жастарын қажетті салаға бағыттап, өз мамандықтарын адаспай табуға көмектеседі деп сенемін»,- деді Мұнайлы ауданынан келген профориентолог Жайна Дәулетназарова.
Жайнаның айтуынша, қазіргі таңда жастардың басым бөлігі мамандық таңдауда ата-анасының шешіімен ғана шектелсе, енді бір бөлігі – достарының ықпалымен таңдай салады. Профориентологтар осындай сәтте оқушыларға өз қабілеттерін тануға, бейім пәндері мен сала таңдауға көмектеседі. Жайна өткен оқу жылында 150-ден астам оқушыға бағдар беріп, грантқа оқуға түсіге көмектескен.
Айта кетейік, семинар 30-31 қазан күндері өтеді. Оқудың екінші күнінде сабаққа қатысушылар халықаралық профориентологтар бірлестігінің мүшесі Динара Оспановадан тәлім алады. Сабақта еңбек нарығы мен болашақ трендтер,университет пен білім беру траекториясын дұрыс таңдау, мамандық таңдаудағы ата-ананың рөлі тақырыптары қозғалады.