Ақтауда жылу және су мәселелері бойынша құрылған штаб тәулік бойы жұмыс істейді
Ақтау қаласы әкімдігінде қала әкімі Әбілқайыр Байпақовтың төрағалығымен штаб отырысы өтіп, онда жылу беру маусымының барысына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Отырыста қаладағы кейбір тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беру кезінде туындаған проблемалық мәселелер қаралды.
Әбілқайыр Байпақов тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату, халықты жедел ақпараттандыру және жылу мәселелеріне қатысты өтініштер мен шағымдарға уақытылы жауап беру қажет екенін атап өтті.
Қазіргі басты міндетіміз – қала тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету. Әрбір шағым – бір отбасының мәселесі. Сондықтан халықпен кері байланысты күшейтіп, барлық түйткілді жедел шешуіміз қажет. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердегі жылу мәселелері бойынша барлық жауапты мекемелер жүйелі жұмыс жүргізіп, кез келген жағдайға тез әрекет етуі тиіс, – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Сонымен қатар, қала басшысы МАЭК және КЖСА кәсіпорындарының өкілдеріне жылу беру процесінде туындайтын барлық мәселелерді жедел әрі тиімді шешуді және өзара іс-қимылды үйлестіруді тапсырды.
Отырыс қорытындысы бойынша әрбір жауапты мекемеге нақты тапсырмалар жүктелді. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы күн сайынғы тұрақты мониторинг арқылы қатаң бақылауда болады.
Айта кетейік, Ақтау қаласында жылу және сумен жабдықтау мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін қабылдайтын тәулік бойы, демалыссыз жедел штаб жұмыс істейді.
Call-орталық:
· Күндізгі кезекші: Ясауи Алихан +7 705 816 26 37
· Түнгі кезекші: Өтесбай Абылай +7 775 633 47 50