Маңғыстауда шағын және орта бизнес дамып келеді
Маңғыстау облысында шағын және орта бизнес секторы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша өңірде 79 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Өңірлік кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Пікір Сансызбаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2400 бірлікке артқан.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлік саласында өңірдің 147 мыңнан астам тұрғыны жұмыспен қамтылған. Шағын және орта кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы үлесі 30 пайыздан асады.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, субсидия және грант түрінде қолдау көрсетіліп келеді. Биыл 167 жобаға қолдау көрсетіліп, 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылды, 150 жұмыс орны сақталды. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 18 жоба мақұлданып, жаңа жұмыс орындары құрылды. Соңғы үш жылда жергілікті бюджет есебінен 77 жоба бойынша қайтарымсыз грант берілді, - деді Пікір Сансызбаев.
Пікір Сансызбаевтың айтуынша, аймақтағы 60-қа жуық ірі сауда орны тұрақтандыру қорының өнімдерін белгіленген бағамен сатып отыр. Жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында облыстың 179 дүкенінде «Маңғыстауда жасалған» белгісімен өнімдер сатылады. Жыл басынан бері 272 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен бағамен ұсынылды.