Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Енді маңғыстаулық балалар Каспий жағасында заманауи лагерьде демалады

Енді маңғыстаулық балалар Каспий жағасында заманауи лагерьде демалады

Республика күні қарсаңында Маңғыстау облысында маңызды мәдени-әлеуметтік нысан «Жылы жағажай» аумағында бой көтерген «Aqqu Resort & Camp» кешенінің лентасы қиылды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Салтанатты жиынға аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев қатысты. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жаңа демалыс орнының ашылуы Маңғыстаудың әлеуметтік-экономикалық және туризм саласын дамытуға тың серпін береді деп сенім білдірді.


Мұндай демалыс орындарының ашылуы – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл – өңірдің туризм саласын дамытудың нақты қадамы. «Aqqu Resort & Camp» заманауи, қауіпсіз әрі шабыт сыйлайтын жаңа демалыс кеңістігіне айналады деп сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Бұл кешен – өңірдегі туризмді дамыту мен балалардың демалысын ұйымдастыруға арналған жаңа қадам. Жазда мұнда 300-350 балаға арналған «Aqqu Camp» жазғы лагері жұмыс істейді, ал жылдың қалған мезгілінде курорттық және корпоративтік іс-шараларға арналған орталық ретінде жұмыс істейді. Спорттық оқу-жаттығу жиындарын өткізуге де мүмкіндік болмақ.


Маңғыстаудың туризмдегі әлеуетін жақсы пайдалануымыз керек. Тек қана мұнай-газды емес, осындай басқа да салаларды дамыту керек. Бұл – өңіріміздің өркендеуіне үлкен серпін береді. Облыс әкімі бастаған топ осы бағытта үлкен іс істеп жатыр. Сәттілік тілегіміз келеді. Жергілікті кәсіпкерлер де қаражатын әртүрлі салаға салып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Бұл – ортақ мереке. Каспийдің жағасында осындай нысандар көбейе берсін, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.


«Aqqu Resort & Camp» жобасы инвесторлардың жеке қаражаты есебінен салынған және аймақтағы ең заманауи нысандардың бірі. Мұнда кең әрі жайлы тұрғын корпустар, ересектер мен балаларға арналған екі ашық бассейн, 50 орындық заманауи кинозал, футбол алаңы, спорттық аймақтар, медициналық пункт пен мейрамхана бар. Маусым айында кешен 100-ден астам адамды жұмыспен қамтиды.


Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев мұнда тек Маңғыстаудың ғана емес, өзге өңірлердің балалары да демалысқа келе алатынын айтты. Балалардың жайлы демалысы үшін мамандар да арнайы дайындықтан өтпек.


Білім басқармасымен бірлесіп, мамандарды даярлау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта лагерьге келетін балаларға сапалы қызмет көрсету үшін біздің мамандарымыздың біліктілігі жоғары болуы тиіс. Бұл жоба мемлекет басшысының тапсырмасымен және өңір басшысы Нұрдәулет Игілікұлының тікелей қолдауымен жүзеге асырылып жатыр, - деді Аббат Өрісбаев.


Аббат Жәңгірханұлы өңірде балаларға арналған бес лагерьдің бар екенін атап өтті. Жаңа нысан өңірдегі балалар лагерлерінің қатарын толықтырды.

226
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!