Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Дипфейктерді пайдалану ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді – депутат

Дипфейктерді пайдалану ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді – депутат

AMАNAT партиясының депутаты Сергей Пономарев Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі вице-премьер-министріне және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министріне депутаттық сауал жолдады. Депутат дипфейктерге қарсы шаралар кешенін әзірлеуді талап етті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Цифрландыру мен технологиялық прогресс – бұл жай ғана даму бағыты емес, Қазақстанның жаңа ұлттық идеясына айналып келеді. Алайда, депутат прогрестің де екінші жағы бар екенін атап өтті. Яғни, кейбір технологиялар адамдарға пайда әкелудің орнына залал келтіру мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Соның бірі – дипфейктер технологиясы, жасанды интеллект көмегімен нақты адамдардың қатысуымен жасалған жалған бейнелер, аудио және видеоматериалдар.


«Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес, екінші жыл қатарынан дезинформация мен жалған ақпарат тарату әлемдік тұрақтылыққа төнетін басты қысқа мерзімді қатерлердің қатарында аталып отыр. Өз басым мұндай технологияның құрбаны болдым – менің бейнем мен дауысым толықтай қолдан жасалып, менің атымнан ақша сұраған бейнеролик таралған. Бейне соншалықты кәсіби деңгейде жасалған, тіпті жақындарым да бастапқыда шынайы деп ойлап қалған. Осындай жағдайға мұнда отырған көптеген адам да тап болғанына сенімдімін. Біз шетелдік саясаткерлердің, тіпті еліміздің Президентінің бейнесін пайдаланып жасалған дипфейктерді де көрдік. Жалған материалдардың сапасы күннен-күнге артып келеді, ал онымен бірге қоғамдық пікірді манипуляциялау, мемлекеттік органдарды беделсіз ету және қоғамдық-саяси жағдайды дестабилизациялау қаупі де өсіп барады. Егер мемлекет басшысының немесе белгілі тұлғаның қатысуымен, жалған үндеу немесе өтірік мәлімдеме бар дипфейк жасалып, таратылса, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке төнген нақты қатер», – деді депутат Сергей Пономарев.


Әлемдік тәжірибе де бұл мәселенің өзекті екенін дәлелдеп отыр. Мысалы, АҚШ 2020 жылы дипфейктерге қатысты нормаларды қорғаныс бюджетін реттейтін заңға енгізіп, оларды ақпараттық қауіпсіздік факторы ретінде бекіткен. Оңтүстік Корея 2024 жылғы парламенттік сайлау алдында 90 күн бұрын үгіт-насихатта дипфейктерді пайдалануға тыйым салып, бұл талапты бұзғандарға айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасын белгілеген. Бірқатар елдерде жалған контентті автоматты түрде анықтау технологиялары, сондай-ақ түпнұсқалықты растауға арналған цифрлық таңбалау механизмдері енгізіліп жатыр.

Дипфейктер бүгінде қаржылық алаяқтық саласында да жиі қолданыла бастады. Адам өзіне таныс дауыс естігенде немесе бейнежазба көргенде, әсіресе көмек сұраған сәтте, көп жағдайда алданып қалуы мүмкін. Тіпті жоғары білімді азаматтардың өзі мұндай алдауға түсіп жатады.


«Feedzai компаниясының 2025 жылғы есебіне сәйкес, онлайн-алаяқтықтардың 50 пайыздан астамы жасанды интеллект көмегімен жасалады. Бұған жауап ретінде банктер мен төлем жүйелері клиенттерді қорғау мақсатында жасанды интеллект негізіндегі шешімдерге көшіп жатыр. Негізгі проблема – беделге келетін нұқсан. Кейін ресми түрде теріске шығару жарияланған күннің өзінде, зиян әлдеқашан болады, ал сенімді қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес. Әлеуметтік инженерияның жылдам дамуы мен жасанды интеллект технологияларының кеңінен таралуын ескере отырып, мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Ішкі істер министрлігін алдын алу шараларын қабылдауға және нақты әрекеттер жасауға шақырамын. Цифрлық контентті мониторинг және сараптау орталығының міндетіне дипфейктерді анықтау және оларды жедел бұғаттау функциясын енгізу қажет. Сонымен қатар, цифрлық бейнелер мен видеоматериалдардың түпнұсқалығын растау жүйесін әзірлеу керек, әсіресе мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен ресми бұқаралық ақпарат құралдарында. Бұл құрал тек сот органдарына ғана емес, кез келген азаматқа да қолжетімді болуы тиіс. Сондай-ақ, азаматтарға дипфейктерді тану және цифрлық алаяқтықтан қорғану әдістерін үйрету бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан жүргізу маңызды. Өз кезегінде, біздің фракция қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл өзгерістер дипфейктерді заңсыз пайдалану үшін жазаны қатаңдатуға және жасанды интеллектінің синтетикалық өнімдерін қолдану саласын шектеуге бағытталған», – делінген депутаттық сауалда.

 

82
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!