Маңғыстаулық ардагер дзюдошы әлем чемпионы атанды
Маңғыстаулық спортшы дзюдодан ардагерлер арасында Парижде өткен әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Францияда өткен жаһандық додада Қайрат Бурбасов ел намысын абыроймен қорғап, дзюдодан ардагерлер санаты бойыша өңірден шыққан әлем чемпиондары қатарын толықтырды.
Ол бұл сында Бразилия өкілі Фелип Лунаны, франциялық Джоффрей Армандты жеңіп жартылай финалға өтсе, финалға шығар жолда грузиялық Дмитрий Муладзені жеңіп, ақтық кезеңге жолдама алды. Чемпиондық белдесуде Қайрат Бурбасов тағы бір отандық татами шебері Мейрамбек Есмағанбетовтен айласын асырып, әлем чемпионы атанды. Атырау облысының өкілі Мейрамбек 2024 жылы Лас-Вегаста өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болған.
Айта кететін жайт, Қайрат Бурбасов дзюдо мен қазақ күресінен елімізге белгілі бапкер. Оның төл шәкірті Нұрдәулет Жарылғапов қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінде 4 мәрте жүлдегер атанды. Оның ішінде екі рет күміс белдік иегері атанса, тағы екі рет қола жүлдеге қол жеткізген.