Маңғыстауда «Көшбасшылар керуені» жобасы бастау алды
Маңғыстау облысында қоғамдық кеңес мүшелері мен азаматтық сектор өкілдеріне арналған «Көшбасшылар керуені» атты оқыту тренингі басталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба өңірдегі белсенді азаматтардың көшбасшылық әлеуетін арттыруға, азаматтық қоғам институттарын дамытуға және қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Оқыту бағдарламасына облыстың барлық аудандарынан келген 50-ден астам қатысушы қатысып жатыр. Олардың қатарында облыстық және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді азаматтар, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен комиссия мүшелері бар. Қатысушылар тренинг барысында өз саласындағы білімін жетілдіріп, тәжірибе алмасады.
Бүгін ақпарат және қоғамдық даму басқармасының тапсырысы аясында «Көшбасшылар керуені» жобасы бастау алды. Жобаға өңірдің белсенді азаматтары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысып жатыр. Шараның басты мақсаты - қатысушылардың кәсіби әлеуетін арттыру, біліктілігін жетілдіру және жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау. Тренинг бес бағытта өтеді: қоғамдық бақылау, жеке бренд қалыптастыру, қаржылық, құқықтық сауаттылық, сондай-ақ коммуникация дағдыларын меңгерту, - деді Маңғыстау облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева.
Жоба ұйымдастырушысы, Маңғыстау облыстық «Азаматтық альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жібек Ахметова шараның ерекшелігіне тоқтала өтті.
Биыл біз алғаш рет «Көшбасшылар керуені» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жоба аясындағы тренинг 5 күнге жоспарланған, әр күні қатысушыларға түрлі тақырыптар бойынша сабақ өткізіледі. Бүгінгі күннің тақырыбы — қаржылық сауаттылық. Осы бағытта республикаға белгілі экономист, қаржы саласының маманы Шолпан Айтенова арнайы шақырылып, қатысушыларға дәріс өткізеді. Жоба нәтижесінде белсенділік танытқан 15 қатысушы іріктеліп, тәжірибе алмасу мақсатында Астана қаласына жіберілетін болады, - деді Жібек Ахметова.