Түпқарағанда 10 көпбалалы ана мемлекеттік наградасын уақытында ала алмаған
OTPANNEWS.KZ – Түпқараған ауданында 10 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградаларын уақтылы ала алмаған. Бұған марапаттау құжаттарын рәсімдеу кезінде жергілікті атқарушы орган тарапынан жіберілген заңбұзушылықтар себеп болған. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасы хабарлады.
Аудан прокуратурасының тексеруі барысында әкімдіктің жауапты лауазымды тұлғалары қажетті құжаттарды рәсімдеу және тиісті органдарға жолдау мерзімдерін негізсіз созғаны анықталған.
Соның салдарынан көпбалалы аналар мемлекеттік наградаларын уақытында ала алмай, заңнамада көзделген әлеуметтік қолдау шараларын пайдалану мүмкіндігінен шектелген.
Прокуратураның араласуынан кейін барлық 10 ананың құқығы қалпына келтіріліп, оларға тиісті мемлекеттік наградаларды табыстау қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтардың себептерін жою және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданды. Құқық бұзушылыққа жол берген жергілікті атқарушы органның жауапты тұлғалары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.