Аманкелді Досжанов Қарақия аудандық полиция бөлімінің жұмысын сынға алды
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Аманкелді Досжанов Қарақия аудандық полиция бөліміндегі жұмысты сынға алып, анықталған кемшіліктерді жоюға бір ай мерзім берді. Ол ауданға қайта келіп, атқарылған жұмысты жеке тексеретінін мәлімдеді.
Департамент басшысы аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, қоғамдық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қызметтік жауапкершілікті арттыру мәселелерін талқылады.
Аманкелді Досжанов Құрық, Жетібай, Бостан, Құланды, Сенек сияқты елді мекендердегі криминогендік ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, жеке адамға қарсы қылмыстар мен алаяқтықтың алдын алуға басымдық беруді талап етті.
Сондай-ақ Құрық ауылындағы учаскелік полиция инспекторларының жұмысына назар аударып, тұрғындармен байланысты күшейтуді міндеттеді. Кәмелетке толмағандар арасындағы жанжалдар мен төбелестерді болдырмау үшін мектептермен, ата-аналармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысты жандандыру қажет екенін айтты.
Жиында тергеу сапасы мен процестік мерзімдердің сақталуы да сөз болды. Департамент бастығы қылмыстық істерді негізсіз созбай, сапалы тергеуді және сотқа уақтылы жолдауды тапсырды.
Бұдан бөлек, алкоголь өнімдерін сатуға қойылған уақыт шектеулерінің сақталуын бақылауды күшейту міндеттелді. Әсіресе Жетібай ауылындағы заңсыз сауда деректерінің жолын кесу міндеттелді.
Қарақия аудандық полиция бөлімінің бастығы Бекмурзинге жұмыстағы кемшіліктерді жоюға және бөлім қызметін жақсартуға бір ай уақыт берілді.
Маған формалды есептер мен қағаз жүзіндегі әдемі көрсеткіштер керек емес. Маған нақты жұмыс керек. Бір айдан кейін өзім қайта келіп, қандай өзгерістер болғанын тексеремін. Халық өзін қауіпсіз сезінуі керек, – деді Аманкелді Досжанов.
Департамент басшысы полиция жұмысының тиімділігі хаттамалар санымен емес, қоғамдық тәртіптің нақты жағдайымен, тұрғындардың сенімімен және қылмыстың алдын алу нәтижелерімен бағаланатынын атап өтті.