«Мейірім жәрмеңкесі»: Оразкүл Асанғазы жастарға ұлттық құндылық пен әлеуметтік желі мәдениеті туралы айтты
OTPANNEWS.KZ – Ақтау қаласында өтіп жатқан «Мейірім жәрмеңкесі» қоғамдық-ағартушылық шарасына Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы арнайы келді. Ол «Әке аманаты, ана тағылымы» тақырыбындағы ашық әңгіме сессиясында спикер ретінде сөз сөйлеп, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары және әлеуметтік желідегі қарым-қатынас мәдениеті туралы ой қозғады.
Оразкүл Асанғазы Ақтауда адамгершілік пен имандылық тақырыбында кездесулердің жиі ұйымдастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай басқосулар бүгінгі қоғам үшін, әсіресе жас ұрпақ тәрбиесінде маңызды.
– Біз жастарды көбінесе кінәлап жатамыз. Ал шын мәнінде, оларға ұлттық құндылықтарымыз бен тамырымыздың қандай болғанын, оны бүгінгі өмірмен қалай байланыстыруға болатынын түсіндіруіміз керек. Жастар бізге қарағанда ақылдырақ деп ойлаймын. Оларға жақсылап жеткізе білсек, олардың зердесі мен санасы ашылады. Қазақ халқының өз құндылықтары, тілі, дәстүрі мен салты болғанын түсінеді, – деді ол.
Қоғам қайраткері ашық әңгіме барысында қоғамдық этика мен әлеуметтік желідегі мәдениет мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, адамдар бір-біріне құрметпен қарап, өзгенің ар-намысына тимей сөйлей білуі керек.
Ол Абайдың «Адамға нұрлы ақыл керек, ыстық қайрат керек, жылы жүрек керек» деген сөзін мысалға алып, қоғамдағы сыйластық пен бірліктің маңызын атап өтті.
– Кемшіліксіз адам жоқ. Кез келген адамның бойында кемшілік болады. Оны түзету – бір-біріміздің парызымыз. Бірақ оны қалай жеткіземіз? Адамның ар-намысына тимей, жұрттың көзінше масқараламай, айтқың келсе, жеке айту керек. Қазір әлеуметтік желі дамыған. Бұрын бір ауылға тарайтын сөз бүгінде бүкіл әлемге тарайды. Сондықтан бір-бірімізді ренжітпей, кемсітпей, жамандамауға тырысуымыз керек, – деді Оразкүл Асанғазы.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде жарияланатын ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға шақырды. Қоғам қайраткерінің сөзінше, әр адам өзіне де, өзгеге де пайдалы дүниені таңдауы қажет.
– Өзіңді сыйла, өзін сыйлаған адам айналасын да сыйласын. Ешкімнің көңіліне тиме, ешкімді өкпелетпе, ешкімге өкпелеме. Әлеуметтік желіде не болса соны сала бермей, өзіңе де, өзгеге де пайдалы ақпаратты таңда, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, «Әке аманаты, ана тағылымы» атты ашық әңгіме ұлттық тәрбиені заманауи отбасы құндылықтарымен сабақтастыруға арналған. Сессияда Оразкүл Асанғазы мен ардагер ұстаз Оразғали Өтеулиев отбасы тәрбиесіндегі ата-ана рөлі туралы ой бөлісуде.