Маңғыстауда оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға басымдық берілмек
OTPANNEWS.KZ. - Ақтауда білім беру ұйымдарының басшыларына арналған қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша арнайы кездесу өтті. Жиында интернет-алаяқтықтың алдын алу, жастарды қаржылық тәуекелдерден қорғау және білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылықты қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Басқосуды Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті Ақтау қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Оған облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, облыстық білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев, қала әкімінің орынбасары Аида Садатқызы, мектептер мен колледждердің директорлары қатысты.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов қаржылық қауіпсіздік мәселесін өскелең ұрпақ тәрбиесімен байланыстыра қарастыру қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі цифрлық дәуірде жастарды қаржылық алаяқтықтан қорғау үшін мектеп қабырғасынан бастап жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.
– Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың бойында адалдық, жауапкершілік пен заңға құрмет қасиеттерін қалыптастыруға ерекше мән береді. Бүгінде қаржы пирамидалары, интернет-алаяқтық, дропперлік және заңсыз онлайн-казинолар жастар үшін елеулі қауіпке айналып отыр. Сондықтан балаларға күмәнді ұсыныстарды ажыратуды және қаржылық қауіпсіздік негіздерін үйретуіміз қажет. Білім беру ұйымдары осы бағыттағы жұмысты Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп жүйелі жүргізуге басымдық бергені жөн. Біздің ортақ міндетіміз – қаржылық сауатты, заңды құрметтейтін әрі өз әрекетіне жауап бере алатын азамат тәрбиелеу, – деді Ғалымжан Мұқырұлы Ниязов.
Сондай-ақ өңірде жастардың қаржылық қауіпсіздік бағытындағы қоғамдық бастамаларға қатысуына назар аударылды. Бұған дейін Ақтауда өткен «Мың студент – бір мақсат!» акциясы аясында Yessenov University-дің 1000 студенті «Адал азамат – қаржылық қауіпсіздік» еріктілер қозғалысына қосылған болатын. Енді осы тәжірибені мектеп оқушылары арасында да кеңінен насихаттау көзделіп отыр.
Өз кезегінде департамент басшысы Ерболат Балғабаев білім беру ұйымдарында қаржылық тәртіпті сақтау, бюджет қаражатын мақсатты пайдалану және ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.
– Білім беру саласында мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы және қаржылық заңбұзушылықтардың алдын алу маңызды. Біздің басты мақсатымыз – құқықбұзушылықтардың салдарымен күресу ғана емес, олардың туындауына жол бермеу. Бұл ретте әрбір білім беру ұйымының басшысы қаржылық тәртіп пен қаражаттың тиімді пайдаланылуына жауапкершілікпен қарауы қажет. Сонымен қатар жастар арасында интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларының алдын алу үшін Қаржылық мониторинг агенттігі әзірлеген «SAQBOL» цифрлық платформасын тиімді пайдалану маңызды, – деді Ерболат Балғабаев.
Кездесу барысында департаменттің ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Бауыржан Асанов қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, жеке және банктік деректерді қорғау тәсілдері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар «Сақ бол» интернет-платформасының мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу қорытындысында білім беру ұйымдарының басшыларына педагогтер мен ата-аналар арасында, сондай-ақ оқушыларға арналған тұрақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылды.
Іс-шара соңында қаладағы бірқатар мектеп директорлары мен мұғалімдерге Ақтау қаласы әкімінің алғыс хаттары табысталды.