Otpan News Logo

Газет оқыған ұрпақ ел тынысын сезінеді

|
28.11.2026 12:19
Газет оқыған ұрпақ ел тынысын сезінеді

OTPANNEWS.KZ. - Бүгін «Маңғыстау» газетінің ұжымы Назарбаев зияткерлік мектебінде газет клубының мүшелерімен кездесті. Мектеп өнерпаздарының күмбірлете төккен күйімен басталған жүздесуде өңір басылымының тарихы, журналист еңбегі және оқушылардың шығармашылығы туралы әңгіме өрбіді.


Мектеп кітапханашысы Гүлнұр Ізбасова оқушылар арасында газет-журналды қызыға оқитын, жазуға бейім балалардың көп екенін айтты. Оның сөзінше, өңірдің бас газетінің ұжымымен жүздесу оқушыларға өздері оқып жүрген мақалалардың қалай жазылатынын білуге, көкейдегі сұрақтарын журналистердің өзіне қойып, шығармашылық ізденістеріне бағыт алатынын айтып өтті. 


«Маңғыстау» газетінің бас редакторы Анаргүл Жексембайқызы мерзімді басылымның қоғамдағы орнына тоқталды. Ол редакцияның күнделікті жұмысы, газетке жарияланатын мақалалардың тақырыбы мен мазмұны туралы айтып, өңір өміріндегі оқиғалар мен елді толғандырған мәселелердің басылым бетінде қалай көрініс табатынын сөз етті.


«Маңғыстау Медиа» ЖШС директорының орынбасары Сұлтанбек Құдайберген газет тарихынан сыр шертіп, кітап пен газет оқу білімнің негізін қалайтынын айтты. Ол Әбіш Кекілбайұлының алғашқы шығармашылық қадамын өңір басылымымен байланыстыра әңгімеледі.


– Әбіш Кекілбайұлы бесінші сыныпта оқып жүргенде-ақ осы газетке әлеуметтік тақырыпта мақала жазған. Ел өміріне бала күнінен зер салуы оның кейін мемлекетшіл тұлға болып қалыптасуына ықпал етті. Газет оқыған адам қоғамның тынысын сезінеді. Өзі өмір сүріп отырған ортадағы мәселелерге үн қосып, олардың шешіміне үлес қосуды үйренеді, – деді Сұлтанбек Құдайберген.


Кездесуде оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, газеттен оқыған мақалалары туралы пікір бөлісті. Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айгүл Лес мақала мен эссе жазуға құштар оқушылардың еңбектерін жариялау үшін «Маңғыстау» газетінен арнайы бет ашуды ұсынды.


Бас редактордың орынбасары Голрох Жеменей газет оқудың оқушыны айналасындағы оқиғаларға зер салып, өз ойын дәлелмен айтуға баулитынын атап өтті. Оның айтуынша, ертең өңірлік, республикалық деңгейдегі мәселелерге үн қосып, сөзі жұртқа өтімді азамат болып қалыптасудың іргесі мектеп жасынан қаланады.


Оқушылар газет тілшілері Зухра Әбділ Саттар мен Ақерке Сүндеттен журналист мамандығының қыр-сырын сұрап, шеберлік сабақтарына қатысуға қызығушылық танытты. Газеттен оқыған мақалалар жайында басталған әңгіме оқушылардың өз жазбаларын басылым бетіне шығару туралы ұсынысқа ұласты.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!