Маңғыстауда өрт қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізілді
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық акциясы аясында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның бірі облыстық «Дарын» арнайы мектеп-интернатында балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға арналса, екіншісі Ақтау қаласындағы тұрғын үй кешенінде өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңды таныстыруға бағытталды.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы мен Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау генерал-майоры Қуанар Базарбаев қатысты. «Дарын» арнайы мектеп-интернатында «Қауіпсіз балалық шақ» тақырыбында өткен іс-шара барысында оқушыларға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдары көрсетілді. Сонымен қатар қауіпсіз эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу өткізіліп, белсенділік танытқан балаларға марапаттар мен сыйлықтар табысталды.
– Балабақшалар мен мектептерде балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Алайда бұл жолы іс-шараның ерекшелігі – ақпараттың балаларға сурдоаударма арқылы жеткізілуі. Мұндай форматтағы жұмыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр, – деді Маңғыстау облысы ТЖД ресми өкілі Ерлан Сұлтанмұратов.
Ал Ақтау қаласындағы «Green Plaza» тұрғын үй кешенінің аумағында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаң таныстырылды. Жаңа талаптарға сәйкес, мұндай алаңдар қызыл жолақпен белгіленіп, «Аялдауға тыйым салынады» жол белгісімен және арнайы ақпараттық тақтайшамен жабдықталуы тиіс. Бұл өрт сөндіру техникасының тұрғын үй аумағына кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.
– Ақтау қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аумағында жоғары қабаттарда тұратын адамдарды эвакуациялау кезінде өрт сөндіру техникасын кедергісіз орналастыруға арналған арнайы алаңдар қарастырылуда. Бұл өрт кезінде құтқару жұмыстарын жедел жүргізіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Арман Теңел.
Аталған бастамалар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мен төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңдар мен кірме жолдарды автокөліктермен бөгемеуге, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.