Otpan News Logo

Ақтауда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

|
27.11.2026 19:15
Ақтауда ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтті

OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 27 қараша күні Ақтауда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысып, ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен салалық марапаттар табыстады.


Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі ауыл шаруашылығының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.


-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы - ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала екенін атап өткен болатын. Маңғыстау облысының шөлейтті аймақ болуына, табиғи-климаттық ерекшеліктеріне қарамастан, өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Бұл, ең алдымен, маңдай терін төгіп, табиғи қиындықтарға қарамастан өз ісін дөңгелетіп отырған шаруаларымыздың қажырлы еңбегінің жемісі. Биыл да егіс алқаптарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, жылыжай шаруашылықтарын дамыту, мал басы мен өндірілетін өнім көлемін арттыру бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мемлекет тарапынан салаға көрсетіліп отырған қолдау да жыл сайын жалғасын табуда. Осы орайда ауыл шаруашылығының дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан ардагерлеріміздің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын дамыту, өндіріс көлемін арттыру, шаруашылықтарды қолдау және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, - деді Нұрдәулет Қилыбай.


Мерекелік жиында сала ардагерлері де құттықтау сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қоғам өміріндегі орны мен саланың өңір экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды.


Салтанатты іс-шара барысында ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтар марапатталды. Оларға «Құрмет» ордені, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілері, «Құрмет» грамотасы, сондай-ақ Қазақстан Фермерлер қауымдастығының «Үздік фермері» төсбелгісі табысталды.


Бұдан бөлек, іс-шара аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, өңірде өндірілетін өнім түрлері көпшілік назарына ұсынылды.

7
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!