Маңғыстау облысы Италиямен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі
OTPANNEWS.KZ. - Бүгін, 24 қарашада Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Руимен кездесті. Кездесуде Маңғыстау мен Италия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, өңірге инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар энергетика, логистика және туризм салаларындағы әріптестікті дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Италия елшісі Маңғыстаудың туризм саласындағы әлеуеті жоғары екенін айтты. Сондай-ақ Италия тарапының өңірге инвестиция салып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.
Өз кезегінде облыс әкімі өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, шетелдік инвесторлармен ынтымақтастықты кеңейтуге және маңызды жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
-Қазір өңірде бірқатар ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы алдымызға қойған маңызды міндеттердің бірі - 2029 жылға қарай Қазақстанда энергия көздерінің профицитін қамтамасыз ету. Осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз қай салада болмасын, өңірдің дамуына серпін беретін, экономикалық тұрғыдан тиімді инвестициялық жобаларды қолдауға әрдайым дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу барысында Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті мен Италиямен әріптестіктің басым бағыттары айқындалды. Тараптар өзара тиімді жобаларды жүзеге асыру арқылы экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.