Otpan News Logo

Түркістанда Конституция аллеясының капсуласы салынды

|
26.11.2026 16:28
Түркістанда Конституция аллеясының капсуласы салынды

Түркістан қаласында «Мәдениеттер диалогы 2026» II халықаралық симпозиумы аясында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Конституция аллеясының капсуласын салу рәсімі өтті.


Салтанатты рәсім «Астана» саябағында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер алаңы» жобасын іске асыру аясында Конституциялық Сот Төрағасы Эльвира Азимованың, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің, шетелдік делегациялар өкілдерінің және симпозиумды ұйымдастырушылардың қатысуымен өтті.


Рәсім барысында сөз сөйлеген Эльвира Азимова Тәуелсіздік пен Егемендік мемлекеттіліктің, халық бірлігінің және елдің дербес дамуының негізін айқындайтын іргелі конституциялық құндылықтар екенін атап өтті.


«Бүгін Конституция аллеясына капсула салу – Тәуелсіздік тарихына деген құрметтің, конституциялық құндылықтарға бейілділіктің және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің белгісі», – деді Конституциялық Сот Төрағасы.


Ол Түркістан облысының әкіміне және Түркістан қаласының басшылығына бастаманы қолдап, оны іске асыруға ықпал еткені үшін алғыс білдірді.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуындағы Түркістанның тарихи және рухани маңызын атап өтті.


«Тәуелсіздік – халқымыздың басты құндылығы және мемлекеттілігіміздің негізі. Оны сақтау, нығайту және келешек ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет», – деді ол Түркістанның тарихи мұрасы мен өңірдің қазіргі дамуы арасындағы сабақтастыққа назар аудара отырып.


Еліміздің тарихи және рухани орталықтарының бірінде Конституция аллеясын құру ұрпақтар сабақтастығының, Ата Заңға деген құрметтің және конституциялық құндылықтарға бейілділіктің символына айналуға тиіс. Бұл бастама сондай-ақ азаматтық жауапкершілікті, ұлттық бірлікті, Конституция мен құқық үстемдігі мәдениетін нығайтуға, конституциялық тарихи жадыны сақтауға және құндылықтық бағдарларды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!