Otpan News Logo

Маңғыстаулық шеберлер қой мен түйе жүнінен өнім жасап, Қытайға экспорттайды

|
28.11.2026 12:16
Маңғыстаулық шеберлер қой мен түйе жүнінен өнім жасап, Қытайға экспорттайды

OTPANNEWS.KZ – Ақтауда өтіп жатқан «Мейірім» жәрмеңкесі аясындағы креативті бұйымдар көрмесінде Қарақия ауданы, Құрық ауылының шебері Жаңагүл Жапарова өз өнімдерін таныстырды. Ол қой мен түйе жүнін өңдеп, одан тұрмыстық бұйымдар, кәдесыйлар мен түрлі бұйымдар әзірлейді.


Шебердің айтуынша, олар қой мен түйе жүнінен бұйым жасауды бес жыл бұрын бастаған. Бүгінгі көрмеге алдағы 2027 жыл – қой жылына орай қой жүнінен жасалған бұйымдар мен кәдесыйларды көбірек әкелген. Сонымен қатар түйе жүнінен дайындалған өнімдерді де ұсынып отыр.


– Біздің жұмысымыздың басты ерекшелігі – жергілікті шикізатты өзіміз өңдейміз. Қой мен түйе жүнін ауыл шаруашылығы өкілдерінен алып, жуу, тазалау және илеу жұмыстарын өзіміз атқарамыз. Өнімдер ылғалды және құрғақ әдіспен дайындалады. Бүгінде бұл бұйымдарды ауылдың 23 қыз-келіншегі жасайды, – деді Жаңагүл Жапарова.


Көрмеде келушілердің назарын аударған өнімдердің бірі – түйе сүтінен жасалған табиғи сабын. Оны дайындау үшін жергілікті шаруашылықтардан алынған малдың майы мен түйе сүті пайдаланылады. Шебердің сөзінше, сабын құрамына химиялық қоспалар қосылмайды. Жаңагүл Жапарованың сөзінше, табиғи өнім тері күтіміне пайдалы.


Жаңагүл мен оның қолөнершілері айына 500-ден астам өнім шығарады. Айлық тауар айналымы – 10–12 миллион теңге. Дайын бұйымдар eBay, Etsy және Kaspi платформалары арқылы сатылады. Сонымен қатар туристік компаниялар да өнімдерді алады.


– Қазір адамдардың экологиялық таза өнімдерге деген қызығушылығы артып келеді. Қолөнерге де сұраныс бар. Біз өнімдерімізді онлайн платформалар арқылы сатып қана қоймай, туристік компаниялармен де жұмыс істейміз. Қазір өнімдерді Қытайға жіберіп жатырмыз. Алдағы уақытта жақында ашылған «Шебер» платформасы арқылы да өнімдерімізді сатуды жоспарлап отырмыз, – деді шебер.
6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!