Жаңа Конституция – еңбек адамының құқығын қорғайтын маңызды құжат
Жаңа Конституцияда елдің тұрақты дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, еңбек адамының мәртебесін арттыруға басымдық берілуі құптарлық бастама. Әсіресе, өндіріс пен энергетика саласында еңбек етіп жүрген маман ретінде бұл өзгерістердің маңызын жақсы түсінемін.
Энергетика – ел экономикасының маңызды тіректерінің бірі. Бұл салада жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті және тәртіпті талап етеді. Өйткені халықтың тұрмыс-тіршілігі мен өндіріс орындарының тұрақты жұмысы энергетика саласының үздіксіз қызметіне тікелей байланысты. Сондықтан Конституцияда әр азаматтың еңбек ету құқығының, қауіпсіз еңбек жағдайының және еңбегіне сай ақы алуының қорғалуы маңызды деп санаймын.
Сонымен қатар заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау – әділетті қоғамның басты қағидаттары. Әр адам өз еңбегінің бағаланатынына, құқығының қорғалатынына сенімді болуы керек. Мұндай ортада ғана кәсіби мамандардың әлеуеті артып, ел экономикасының дамуына серпін беріледі.
Мен жаңа Конституция еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына оң ықпал етеді деп сенемін. Әр азамат заңды құрметтеп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараса, мемлекетіміздің де іргесі нығая түседі. Сондықтан Ата Заңдағы жаңашылдықтарды қолдаймын. Бұл – тұрақты даму мен жарқын болашаққа бастайтын маңызды қадам.
Бауыржан Нұржігітұлы,
энергетик