Otpan News Logo

Ақтауда зиялы қауым өкілдері ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды талқылады

|
28.11.2026 12:14
Ақтауда зиялы қауым өкілдері ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды талқылады

OTPANNEWS.KZ – Бүгін Ақтау қаласында «Зиялы қауым – зияткер ұлт» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Мейірім» жәрмеңкесі аясында өтіп жатыр.


Жиын қоғам қайраткерлерін, ұстаздар, ата-аналар, жастар мен қоғам белсенділерін ортақ алаңға жинады. Қатысушылар ел зиялыларының ой-пікірін тыңдап, өзара пікір алмасып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелерді талқылады.


Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, тарихшы Өмірзақ Озғанбайұлы форумда «Зиялы қауымның тарихи жауапкершілігі» тақырыбында сөз сөйлеп, қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтар, жастар тәрбиесі және азаматтық ұстаным мәселелеріне қатысты ой-пікірімен бөлісті.


Ол бүгінгі цифрлық дәуірде компьютер мен технологияның маңызын жоққа шығаруға болмайтынын, алайда оларды пайдалануда белгілі бір тәртіп пен уақыт шектеуі болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар қоғамда елге, жерге деген сүйіспеншілік пен азаматтық жауапкершілікті дәріптеудің маңызын сөз етті.


«Біз компьютерден қашып құтыла алмаймыз. Дегенмен, оны пайдалануға уақыт бойынша белгілі бір шектеу қою керек. “Менің жерім, менің елім” деп сөйлейтін азаматтар азайып барады. Қазіргі жастардың арасында ақша табуды басты мақсат етіп қоятындар көп», – деді Өмірзақ Озғанбайұлы.


ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжетай Дүйсембай «Ізгілік пен мейірім: кемел қоғамның негізі» тақырыбында баяндама жасап, ислам дінінің мейірім мен ізгілікке үндейтінін атап өтті. Ол қоғамдағы татулықты нығайтуда көршімен тату болудың, балаларға көңіл бөліп, олардың тәрбиесіне мән берудің маңызын айтты.


Сондай-ақ, форум барысында «Қариясы бар елдің – қазынасы бар», «Кие мен кепиет», «Қоғамдық этика және әлеуметтік желі мәдениеті», «Әке тағылымы» тақырыптары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар қоғамдағы өзекті тақырыптарды кеңінен қозғап, көкейлерінде жүрген сұрақтарға жауап алды.

9
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!