Полиция Ақтау – Жаңаөзен жолындағы жаңа камералар туралы айтты
Маңғыстаулық жүргізушілер арасында «Ақтау-Жаңаөзен тасжолында орташа жылдамдық өлшенетін болыпты» деген ақпарат қызу талқылануда. Желіде тараған бейнежазбаға қатысты облыстық Полиция департаменті ресми жауап берді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, аймақ жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа автоматтандырылған жүйелерді орнату жұмыстары шынымен де жүргізіліп жатыр. Биыл республикалық және облыстық маңызы бар күре жолдарға барлығы 45 осындай кешен қойылмақ.
Бұл құрылғылар бұрынғы камералар сияқты жылдамдықты бір нүктеде ғана тіркеп қоймайды. Олардың басты қызметі – көліктің белгілі бір жол бөлігіндегі орташа жылдамдығын есептеу. Бұл дегеніміз – жүргізуші камераның алдында ғана баяулап, одан өткен соң газды қайта басу арқылы айыппұлдан құтыла алмайды. Жүйе екі бақылау нүктесінің арасын қанша уақытта жүріп өткеніңізді есептеп, ереже бұзылған жағдайда оны бірден тіркейді.
Полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта бұл жүйелер сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Техникалық баптау жұмыстары аяқталған соң, құрылғылар толық қуатында қызметіне кіріседі.
Мамандар бұл шаралардың мақсаты – айыппұл салу емес, жол үстіндегі адам өміріне қауіп төндіретін апаттардың санын азайту екенін алға тартады.