Маңғыстаулық боксшы әлем чемпионатында екінші айқасын өткізеді
Дубайда бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында маңғыстаулық Санатәлі Төлтаев екінші жекпе-жегіне шығады, деп хабарлайды otpannews.kz.
67 келіде сынға түсетін ұлттық құрама мүшесі бүгін күндізгі сессияда Бразилия боксшысы Касио Сантос Оливьерамен шеберлік байқасады. Егер жеңіске жетсе, ширек финалда өзбекстандық Олимпиада чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаев пен ІВА құрамасының өкілі Армен Машакариан жұбының жеңімпазымен кездесуі мүмкін.
Бұған дейін жерлесіміз 1/16 финалда ол Замбия өкілі Джеральд Кабиндамен кездесіп, 4:1 жеңіске жеткен болатын.
Айта кетейік, БАӘ-де 3 желтоқсан күні басталған әлем чемпионаты 13-не дейін жалғасады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 8,32 миллион долларды құрайды. Сондай-ақ, жеңімпаз атанған боксшы 300 мың АҚШ долларына ие болса, күміс жүлдегерге 150 мың, ал қола жүлдеге 75 мың доллар табысталалды. Бұдан бөлек, жарысты ширек финалдан аяқтаған боксшылар 10 мың АҚШ долларын иеленбек.