Бейнеу гарнизонында оқу-жаттығу барысы пысықталды
Бейнеу гарнизонында Қарулы күштердің жылдық жоспары аясында ауқымды бақылау тексерістер басталды. Оқу дабылы бойынша көтерілген барлау полкі тапсырмаларды орындауға дайындығын бағалауда, деп хабарлайды otpannews.kz.
1-6 желтоқсан аралығында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 99116 әскери бөлімі жеке құрамымен кешенді тактикалық-саптық жаттығулар өткізіп жатыр. Мақсат жауынгерлік әзірлікті арттыру және бөлімшелердің үйлесімділігін тексеруге бағытталған.
Полк бөлімшелері ұйымдасқан түрде роталық колонналарды қалыптастыру аудандарына бет алып, оқу тапсырмаларын орындауға кірісті. Негізгі міндеттердің бірі - әртүрлі дайындық деңгейінде командирлер мен басқару органдарының практикалық дағдыларын жетілдір болып отыр.
Оқу барысында дабыл белгісін қабылдау, материалдық құралдарды және оқ-дәрілерді тиеу, техниканы парктен шығару, колонналар құру және белгіленген ауданға марш жүргізу секілді іс-қимылдар пысықталды. Әскерилердің өзара әрекеттестігіне және хабарландыру жүйесінің жұмысын жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді.
«Барлық кезеңдер шынайы жағдайға барынша жақын жағдайда өтуде. Жеке құрам жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тапсырмаларды нақты орындайды. Мұндай жаттығулар бөлімшелердің мүмкіндіктерін бағалауға және басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді полк командирі, подполковник Қуаныш Хабиев.
Тактикалық-саптық шаралар аяқталған соң әскери қызметшілер жоспарлы цикл аясында мамандықтары бойынша оқуын жалғастырмақ.