Otpan News Logo

Маңғыстау ғалымдары Анталиядағы халықаралық ғылыми конгреске қатысты

|
05.12.2025 18:37
Маңғыстау ғалымдары Анталиядағы халықаралық ғылыми конгреске қатысты

Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қолдауымен Маңғыстау ғалымдары Түркияның Анталия қаласында түркі тілдес мемлекеттердің V халықаралық ғылыми конгресінде баяндама жасады, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметіне сай, биылғы жиын – түркі әлемінің ғылыми-инновациялық әлеуетін нығайтуға бағытталған ең ауқымды ғылыми алаңдардың бірі саналады. Конгресс жұмысына Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және өзге де елдерден жүздеген ғалым, зерттеуші, сала мамандары қатысып, түрлі ғылыми бағыттар бойынша баяндамаларын ұсынуда.


Бұл маңызды іс-шараға Қазақстан делегациясының қатысуы “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының” мұрындық болуымен ұйымдастырылып отыр. Кәсіподақтың қолдауы жас ғалымдар мен педагогтерге халықаралық деңгейде ғылыми жұмыс ұсынуға мүмкіндік берді.


Конгресс бағдарламасына Маңғыстау өңірінен сегіз ғалым енгізіліп, білім, техника, қызмет көрсету, туризм, энергетика және қолданбалы ғылым салалары бойынша өз зерттеулерін таныстыруда. Бұл өңірдегі білім беру ұйымдары үшін халықаралық ғылыми интеграция жолында маңызды қадам болып отыр.


Атап айтқанда, Маңғыстау туризм колледжінен Гүлнұр Кушанова, Альбина Ретбаева, Елдана Есен, Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінен Жұлдызай Мектепова және Нұргүл Қалдыбаева, Халел Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінен Шара Джұмагазиева, Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжінен Казина Шоңқал, №17 жалпы білім беру мектебінің мұғалімі Гүлнар Шамшырақова қатысты.


Конгресс барысында техникалық ғылымдар, инженерия, білім беру, туризм және цифрлық технологиялар саласына қатысты ондаған панельдік отырыстар мен секциялық жиындар өтуде.


Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, бірлескен ғылыми жобалар құру, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, оқу әдістемелерін жаңғырту мәселелерін талқылауда.


Маңғыстау өңірінің ғалымдары үшін бұл шара халықаралық ғылыми қауымдастыққа шығу, кәсіби серіктестік орнату, жаңа ғылыми идеяларды дамыту

үшін үлкен мүмкіндікке айналды.


Анталиядағы V халықаралық ғылыми конгресс – тек тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, түркі әлемі ғалымдарының ортақ мақсатқа бірігуін көрсететін маңызды оқиға. Қазақстандық ғалымдардың, соның ішінде Маңғыстау өңірінің колледж оқытушыларының белсенді қатысуы еліміздің ғылыми әлеуетінің өсіп келе жатқанын айғақтайды.


Конгресс жұмысы алдағы күндері жалғасып, жаңа ғылыми ұсыныстар мен серіктестік бастамалар талқыланатын болады.

62
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!