Бейнеуде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған басқосу өтті
Бейнеу ауданында тәрбиелік мәні зор, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған маңызды шаралардың бірі – «Аналар ізімен: Дәстүрлі өнерге тағзым» атты форум өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аталған іс-шара Бейнеу мектеп-интернатында ұйымдастырылып, оған ауыл әжелері, белсенді аналарымен қатар құқық қорғау саласының өкілдері және мектептің ұстаздары да қатысты.
Форум жұмысына аудандық полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы, Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әсем Омарова қатысып, отбасындағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара кезінде аналар ұлттық өнердің бірнеше түрімен танысып, зергерлік бұйымдар жасау, кестелеу, қолөнер бұйымдарын әрлеу бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Шараның негізгі мақсаты ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру, ана қолынан шыққан өнердің маңызын көрсету және қазақ халқының салт-дәстүрін жаңғыртуға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шығармашылық сабақтар тек өнерді үйретіп қана қоймай, аналардың бір-бірімен тәжірибе алмасуына, қоғаммен байланысын нығайтуға мүмкіндік береді.
Форум аясында аналармен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, оның құқықтық салдары, зардап шеккендерге көрсетілетін көмек жолдары туралы ашық әңгіме жүргізілді. Полиция аға лейтенанты Әсем Омарова қатысушыларға 102 нөміріне хабарласу тәртібі, учаскелік инспекторлардың жұмысы, дағдарыс орталықтарында көрсетілетін психологиялық және заңгерлік көмек түрлері туралы кеңінен түсіндірді.
«Әрбір ана - отбасындағы тыныштық пен берекенің кепілі. Сондықтан әйелдер өз құқықтарын білуі, өзіне немесе баласына қауіп төнген жағдайда дер кезінде көмек сұрауы маңызды», - деді инспектор.
Аналар да өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қоғамда жиі кездесетін отбасылық түсініспеушіліктерді шешудегі жолдар жайлы ойларын ортаға салды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көріністерін болдырмау үшін ақпараттық жұмыстардың үздіксіз жүргізілуі қажет екені атап өтілді.
Форум қорытындысында белсенді қатысқан аналарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қатысушылар мұндай кездесулердің маңызды екенін айтып, алдағы уақытта да жалғасын табуына тілек білдірді.