Маңғыстауда әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік ашылды
Маңғыстауда әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамға қажеттілік» жобасы жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты - өңірдегі әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерлерді оқыту, қолдау, тәжірибе алмасу және оларды реестрге енгізуге көмектесу арқылы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына серпін беру, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба аясында облыстың барлық қала мен ауданында әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша оқыту кездесулері өтті. 23–30 қыркүйек күндері Түпқараған, Мұнайлы, Қарақия, Жаңаөзен, Ақтау, Маңғыстау және Бейнеу өңірлерінде семинар ұйымдастырылды. Оқытуға 161 кәсіпкер қамтылды. Семинарда әлеуметтік кәсіпкерліктің негіздері, бренд қалыптастыру, маркетинг және әлеуметтік жобалардың ерекшеліктері бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілді.
Сонымен қатар жоба барысында екі консультациялық журнал ашылып, реестрге тіркелген кәсіпкерлер мен әлеуетті жаңа кәсіпкерлерден жеке өтініштер қабылданды. Мамандар олардың сұрақтарына жауап беріп, бизнес жоспары, құжаттарын реттеу және әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енгізу бойынша кеңес берді. Нәтижесінде 22 жаңа кәсіпкердің құжаттары дайындалып, әлеуметтік кәсіпкерлік реестріне тіркеу жұмыстары басталды.
Жобаның бір артықшылығы – әлеуметтік кәсіпкерлердің Қазақстанның басқа өңірінде тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру. Реестрдегі 59 кәсіпкерден 19 өтінім қабылданып, комиссия шешімімен үш кәсіпкер Астана қаласына тағылымдамаға жолданды. Қатысушылар «Әлеуметтік инновациялық хаб», «Гарбар групп» жиһаз салоны, Алия Болат орталығы, «Күнде» кафесі, «Түйме» аватерапия орталығы сияқты нысандарға барып, табысты әлеуметтік жобалармен танысты. Екінші күні тәжірибелі инноваторлар Ақжарқын Көздібаева мен Гүлмира Пармышова шеберлік сабағын өткізді.