Қазақстандықтар мемлекеттік үй кезегінен шығып қалуы мүмкін
Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй алу кезегінде 642 мың азамат тіркелген. Алайда олардың небәрі 14 пайызы ғана жеке деректерін жаңартып, құқығын растаған, деп хабарлайды otpannews.kz kursiv.media сайтына сілтеме жасап.
«Отбасы банк» басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимованың айтуынша, тексеріс барысында тізімдердің жылдар бойы қайта қаралмағаны анықталған. Көптеген азаматтардың байланыс деректері ескірген, тіркеу мекенжайы, отбасы құрамы және басқа да мәліметтер дұрыс көрсетілмеген.
Банк көмекті шынымен мұқтаж адамдарға беруді қамтамасыз ету үшін ауқымды инвентаризация бастады. Бірақ Ибрагимова көптеген кезектегілер деректерді өңдеуге келісім бермей отырғанын атады. Өйткені олардың мәртебесі өзгерген, балалары кәмелетке толған немесе отбасы баспаналы болып үлгерген.
Бүгінгі таңда 642 мың адамның тек 92 092-сі ғана ақпаратты жаңартуға келісім берген. Қалғандары процесті тежеп отыр. Себебі жүйе алдыңғы жылдағы деректер толық өңделмейінше, келесі жылдағы кезектегі азаматтарға өте алмайды.
Сол себепті жұмыс тұралап қалып, 2007 жылғы кезектегілердің деректері жаңартылмай, 2008 жылғы азаматтарға тұрғын үй бөлу процесін бастау мүмкін емес.
8 желтоқсаннан бастап Индустрия және құрылыс министрлігінің бұйрығына өзгерістер енгізілді. Егер азамат деректерін жаңартуға келісім бермесе, жүйе автоматты түрде кезектегі келесі жылға өтетін болады. Бұл тұрғын үй бөлу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Отбасы банк» басшысының пікірінше, бұл өзгерістер мемлекеттік үйді алуды айтарлықтай жылдамдатады.