Otpan News Logo

Маңғыстауда түсірілген Димаштың халықаралық жобасының премьерасы Қытайда өтеді

|
28.01.2026 15:22
Маңғыстауда түсірілген Димаштың халықаралық жобасының премьерасы Қытайда өтеді
Фото: dimashnews

5 ақпан күні Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасында Димаш Құдайберген түсірген халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми премьерасы өтеді. Маңғыстау өңірі халықаралық музыкалық жобаның маңызды түсірілім алаңы болды, деп хабарлайды otpannews.kz. 


Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірге жүзеге асты. Voice Beyond Horizon түрлі елдің өнерпаздарын біріктірумен қатар Қазақстанның табиғи әралуандығын және туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге таныстырады. Түсірілімдер Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облысында, Астана мен Алматы қаласында өтті.


Жобаға Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Италияның, Малайзия мен Сербияның орындаушылары қатысты. Өткен жылдың қыркүйек айында олар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті. Жоба бағыты көне Түркістанды, Маңғыстаудағы Бозжыраның ерекше көріністерін және Каспий теңізі жағалауын, табиғи інжу-маржанға айналған Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, туристік Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтыды.


Voice Beyond Horizon жобасының ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында, Қазақстанда «Qazaqstan» ұлттық арнасында көрсетіледі.


Айта кетейік, түсірілімге «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, Астана, Алматы қалаларының және Алматы, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарының әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетіп, демеуші ретінде «Qarmet», «Қазақмыс», «Алтын Алмас» компаниялары мен Нұрлан Смағұлов қоры атсалысты.

129
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!