Otpan News Logo

Маңғыстауда саршұнақ көбейді: Мамандар не дейді?

|
18.06.2025 16:11
Маңғыстауда саршұнақ көбейді: Мамандар не дейді?

Биыл Маңғыстау даласында, елді мекендер арасындағы жол бойында саршұнақтардың күрт көбейгені байқалады. Трассаларда олардың жүгіріп жүргені, кейбірінің көлік астында қалып өлгені көзге түсіп жүр. Әлеуметтік желілерде саршұнақтардың фото-видеолары мен тұрғындардың алаңдаушылық білдірген жазбалары кең тарады. Осыған байланысты otpannews.kz сайтының тілшісі арнайы сараптама жүргізді. Бұл материалдан «Саршұнақтар неге көбейді?», «Олардың адам мен табиғатқа зияны бар ма?», «Олардан қорғану қажет пе?» деген сұрақтарға жауап таба аласыздар.


Саршұнақтардың көбеюі – табиғи құбылыс, бірақ бақылау қажет


Ең алдымен, Маңғыстау өңірінде мекендейтін саршұнақтарға қатысты жалпы мәлімет бере кетейік. Биолог Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, бұл аймақта жиі кездесетін саршұнақ түрі – зорман. Оның негізгі мекені – сазды топырақты шөлді аймақтар, құмды төбелер мен шөлейтті жазықтар.


«Дене тұрқы 23-35 см, құйрығы 6-10 см, салмағы 0,7-1,6 кг аралығында болады. Арқасы сарғыш түсті, жүні қалың, ұзын әрі жұмсақ келеді. Зорман өсімдіктің шамамен 30 түрімен қоректенеді. Маусым-шілде айларында ұйқыға кетіп, ақпан-наурыз айларында оянады. Көктемде ұйығып, шағылысқан соң бір айдан аса уақыт өткенде 1-9 күн аралығында төлдейді. Төлдері 25 күннен кейін інінен шыға бастайды. Табиғи экожүйеде ол жыртқыш аңдар мен құстардың қорегі ретінде маңызды рөл атқарады», – дейді ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша Аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов.


Олардың саны шамадан тыс көбейсе, егін шаруашылығына зиян келтіруі мүмкін. Ал керісінше, жаппай жойылған жағдайда, онымен қоректенетін жыртқыш аң-құстардың саны азайып, экожүйедегі тепе-теңдік бұзылып, табиғи кешендер деградацияға ұшырайды.


«Сондықтан оларды жаппай жоюға болмайды, санын реттеп қана отыру қажет. Табиғатта бұл үрдіс жыртқыш аң-құстар арқылы жүзеге асады. Соңғы жылдары Маңғыстау өңірінде жауын-шашын мөлшері артқандықтан, өсімдік жамылғысы қалыңдап, өсімдіктермен қоректенетін жануарлардың, соның ішінде зорманның да саны көбейді. Саны артқан соң олар елді мекендерге жақындай түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда бүргелер арқылы үй тышқандары мен егеуқұйрықтарға оба ауруы жұғуы ықтимал, ал одан кейін бұл адамға да тарауы мүмкін. Сондықтан зорман мен үлкен құмтышқан (Маңғыстауда оба ауруының таралуы жағынан ең қауіпті жануар) көп шоғырланған аумақтарда міндетті түрде дератизациялық іс-шаралар жүргізілуі керек», – дейді Әділбек Қозыбақов.


Саршұнақтың ешқандай зияны жоқ


ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты АӨК МИК Фитосанитариялық диагностикалық және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары саршұнақтың Маңғыстау облысында көбеюі ешқандай зияны жоқ екенін мәлімдеді.


«Саршұнақ негізінен егін егілетін, дәнді-дақыл өсетін жерлерді мекендегенді ұнатады. Адамға тікелей зияны жоқ, тек өсімдіктермен қоректенеді. Өзінің жейтін шөптерін түгел жойып жібермейді, яғни зиянкес деп айтуға келмейді. Саршұнақтар көктемде күн жылынғанда шығып, күзге дейін белсенді болады. Жаздың шіліңгір ыстығында, шілдеден кейін, олар қайтадан ұйқыға кетеді. Көктемде шыққан бойда шағылысып, аналықтары буаз болады. Күн қатты ысығанға дейін төлдеп, әрбір төлін жеке інге орналастырады. Олар індерін көбіне трасса маңындағы күнге жақын, борпылдақ әрі биік жерлерге қазады. Сол себепті төлдері жолға шығып кетіп, көліктің астына түсіп өліп жатады – бұл табиғи құбылыс. Егер көктем жауын-шашынды болып, өсімдіктер мол шықса, саршұнақтар да жақсы өмір сүреді. Олар қорегін інге жинамайды, керісінше, денесіне май жинап, соның көмегімен қыстап шығады. Ұйқыдан келесі көктемде, күн жылынғанда ғана оянады», – дейді мамандар.


Мамандар биыл қауіпті кезең екенін ескертеді


Ал Маңғыстау обаға қарсы күрес станциясы өңірде қауіпті дерттің белгілері тіркелгенін хабарлады. Мамандардың айтуынша, биыл аймақта кеміргіштер мен жәндіктер саны күрт артқан.


«Біз – мемлекеттік мекемеміз. Мемлекет бізге қаншалықты тапсырыс береді, сол көлемде жұмыс атқарамыз. Мысалы, жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат бөлінеді, сол қаражат аясында ғана жұмыс жүргізіледі. Артық жұмыс істей алмаймыз. Биыл көктемде облыс бойынша 5 жасақ іске шықты. Олар жан-жақты зерттеу жүргізіп, шамамен 60% аумақты қамтып, зерттеу жасады. Биыл кеміргіштер саны артқан. Жалпы аймақта саршұнақ қана емес, кеміргіштердің басқа да түрлері өте көп. Былтырмен салыстырғанда биыл шөптің шығуы мен ауа райының қолайлы болуы олардың көбеюіне әсер етіп отыр. Балалау кезеңі де биыл кеш болды – төлдері мамыр айының соңында, маусымның басында ғана шыға бастады. Содан бері кеміргіштердің саны үнемі өсіп келеді. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда олардың саны 40-60%-ға артты», – дейді станция мамандары.


Биылғы ерекшелік – жәндіктердің, әсіресе бүрге мен кененің көптігі. Бұл жағдай өңірде оба секілді қауіпті аурулардың таралу қаупін арттырып отыр.


«Қазір - қауіпті кезеңдеміз. Жыңғылды мен Боранқұл маңынан ауру белгілері бар бөртпелер табылды. Осындай жағдай анықталса, біз сол аумақты дереу залалсыздандырамыз. Профилактикалық шаралар да қолға алынды. Алдымен жануардың үстіндегі бүргені улау қажет, содан кейін ғана кеміргіштің өзін», – дейді мамандар.


Олардың айтуынша, қауіпті індеттің негізгі көзі кеміргіштер емес, солардың денесінде тіршілік ететін жәндіктер.


«Кеміргіштердің жүргені жақсы. Себебі егер олар болмаса, жәндіктер адамдар мен малға ауысып кетуі мүмкін. Сөйтіп ауру тікелей адамға жұғуы ықтимал. Ал кеміргіштердің үстінде миллиардтаған бүрге жүреді, олар ін астында өмір сүреді. Қазір оба кез келген сәтте шығуы мүмкін. Өзіміз аурудың кейбір белгілерін байқап отырмыз. Сондықтан халық өте сақ болуы қажет», – деп ескертеді обаға қарсы күрес станциясының қызметкерлері.


Мамандар, әсіресе, балалар мен малдың қауіпсіздігіне назар аудару керек екенін айтады.


«Егер денсаулықта күмәнді жағдай болса, дене қызуы көтерілсе, бірден бізге хабарласыңыздар. Ондай адамды оқшаулап, шұғыл шаралар қолданамыз. Ауру аса қауіпті, тез жұғады. Өз бетінше ем жасауға болмайды. Егер дер кезінде әрекет етпесек, онда жасаған жұмысымыздың бәрі зая кетеді», – дейді мамандар.


Маңғыстауда саршұнақтардың көбеюі – жай табиғи құбылыс емес, ол экожүйе мен қоғамдық денсаулықтың өзара байланысын көрсететін маңызды белгі. Бұл жағдай табиғатпен дұрыс қарым-қатынас пен тиісті санитарлық бақылаудың қажеттігін тағы бір еске салды. Жағдайға жеңіл қарауға болмайды – сақтық пен уақтылы әрекет қоғамдық қауіпсіздіктің басты шарты.

300
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!