Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғыстауда қоғамдық кеңестер тәуелсіз жұмыс істей алмай отыр

Маңғыстауда қоғамдық кеңестер тәуелсіз жұмыс істей алмай отыр

Маңғыстауда қоғамдық кеңестер өз мүмкіндігін толық пайдалана алмай отыр. Бұл туралы азаматтық белсенділікті арттыру және қоғамдық бақылау тренингінде айтылды, деп хабарлайды otpannews.kz


Тренингті Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата мүшесі Зәуреш Батталова жүргізді. Оның сөзінше, өңірдегі қоғамдық кеңестердің қоғамдық бақылау, мониторинг, сараптама секілді негізгі құралдары дұрыс қолданылмайды. Кеңестер көбінесе әкімдік немесе мемлекеттік органдар шақырған кезде ғана жұмыс істейді, өз бетінше мәселелерді зерттеп, шешім қабылдай алмайды. Кейбірі формалды түрде жылына 12 мәселені жоспарға енгізіп, айына бір проблеманы қарастырады, ал бұл мәселелер аяқталмай қалады.


Нәтижелі іс атқаруға өңірдегі Қоғамдық кеңестің мүмкіндігі жоқ. Өйткені, білімі жеткіліксіз болуы мүмкін және негізгі құралдарды пайдалану әдістерін білмейді. Ең бастысы – тәуелсіз жұмыс істеуге үйренбеген. Әкімдік пен мемлекеттік органдардың айтуымен, шақыруымен ғана жұмыс істеп жатыр. Өздері қоғамдық белсенді ретінде тапқан мәселелерді көтеріп, зерттеп, шешуге тиіс. Кейбір қоғамдық кеңестер жұмысты формалды түрде жүргізеді. Қоғамдық кеңес проблемаларды тек отырыстарда айтып қоймай, оның шешілуіне ықпал жасауы керек. Жылына 12 мәселе емес, 2-3 мәселенің түйінін шешіп, нәтижесін көрсету керек. Кеңес мүшелері өз біліміне сенбегендіктен, мемлекеттік органдарға жалтақтап отыр. Сол себепті біз олардың білімін ағарту үшін осы тренингті өткізіп отырмыз. Заң шеңберінде қалай жұмыс істеп, нәтижеге жету керек екенін үйретіп жатырмыз, - деді Зәуреш Батталова.


Дәріс бағдарламасы азаматтық қоғам өкілдерінің қоғамдық бақылау құралдары мен әдістері туралы білімін кеңейтуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекетпен өзара сенімді нығайтуға бағытталған. Қатысушылар интерактивті жаттығулар арқылы мемлекеттік органдармен диалог жасау тәсілдерін үйреніп, үш айлық жеке іс-қимыл жоспарларын жасап шықты.


Іс-шара «Адал қоғам» жобасы аясында Маңғыстау облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша «GUMOL» стратегиялық зерттеу орталығы ұйымдастырды. Тренингке облыстық, қалалық және аудандық қоғамдық кеңестердің мүшелері, белсенді жастар мен үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!