Маңғыстауда келесі жылы электр желілері жаңғыртылады
OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысы 2027 жылы электр желілерін реконструкциялау жоспарланған жеті өңірдің қатарына енді. Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының Жобалық кеңсесі отырысында қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында келесі жылға арналған жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және отандық өндірушілердің қатысу мәселелері талқыланды. Жалпы 2027 жылы жылу, электр және су құбыры желілерін жаңғырту жұмыстары жалғасады.
Алдағы жылы электр желілерін реконструкциялау Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Маңғыстау және Атырау облыстарында жоспарланған. Осыған байланысты өңірлерге қажетті кабель өнімдері, электр тарату желілерінің бағаналары мен өзге де жабдықтарды алдын ала дайындау мәселесі көтерілді.
Вице-премьер Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 қаңтарға дейін өңірлердің келесі жылға арналған материалдар мен жабдықтарға қажеттілігін жариялауды тапсырды. Бұл отандық кәсіпорындарға өндіріс көлемін алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев тоғыз өңірдегі 135 жобаға жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар міндет жүктеді. Атап айтқанда, сатып алу рәсімдерін жеңілдету, коммуналдық кәсіпорындардың жобаларға қатысуын кеңейту және негізді жағдайларда жобалардың құнын қайта қарау ұсынылды.
Тапсырмалардың орындалуы желтоқсан айында өтетін Жобалық кеңсенің қорытынды отырысында қаралады.